Ақтауда Каспийге шомылушылар жиі баратын жағажай қоқыстан тазартылды

Ақтауда Каспийге шомылушылар жиі баратын жағажай күл-қоқыстан тазартылды.

Бұл жолғы тазалық акциясына көпбалалы және мүгедектігі бар балалардың  ата-аналар қатысты. Игі шара қоғамдық қордың бастамасымен өтті. Мақсат - туристер мен тұрғындарды табиғатты аялауға үндеу. Таңғы 6-дан бастап  түске дейін 14-шағын аудан жағажайынан төрт тоннадан аса қоқыс жиналды. Тұрмыстық қалдықтар полигонға жөнелтілді. Оның басым бөлігі пластик бұйымдар. Қоқыстың бұл түрі Каспийдің биологиялық ортасына өте қауіпті. Теңіз суы мен жағалаудың таза болуына барлығымыз атсалысуымыз қажет, дейді ұйымдастырушылар.

Иманғазы Досмұхаметов, қоғамдық қор директоры:

- Каспийдің қаламен шектесетін жағалауы өте лас. Пластик құтылар, шыны сынықтары мен тағам қалдығы көрінген жерде жатыр. Тазалық шарасына 50-ден аса қала тұрғыны қатысты. Оларға біз үнемі қолғабыс етіп, жомарт жүректі тұрғындар әкелген киім-кешек, тұрмыстық бұйымдарды таратып отырмыз. Бүгінгі шара әлі де жалғасын табады.