Алматыда мотоцикл мен мопед жүргізушілері заңға бағынбайды
Мопед пен мотоцикл жүргізушілері айналаға қауіп төндіреді.
Күндіз түгілі, түнде де тыныштық бұзады. Алматы тұрғындары осылай деп шағымданып жатыр. Биылдың өзінде мегополисте екі дөңгелекті көлік иелерінің қатысуымен 250-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, сол көлік апатының соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады.
Рейд басталысымен экипаж бірден мопед жүргізушісін тоқтатты. Себебі, ол тағы бір адамды мінгізіп алған. Полицейлер әкімшілік хаттама толтырып, екі АЕК көлемінде айыппұл салды. Бұл шамамен жеті мың теңге.
Жылдамдықты асырады. Қиылыста жол ережесін сақтамайды. Қарсы жолақпен жүреді. Өзімен бірге артық адам алады. Мопед және мотоцикл жүргізушілерінің қателігі осындай. Тәртіп сақшыларының айтуынша, көбі жол ережесін білмейді. Содан барып әртүрлі жағдайға ұрынады. Екі дөңгелекті көлік иелері екі топқа бөлінеді, дейді инспекторлар. Алғашқысы күндіз жүреді. Яғни, курьер болып жұмыс істейтіндер. Ал екіншісі түнде жүргенді ұнатады. Олар жарыс ұйымдастырады. Оның шуы болса, қала тұрғындарының ұйқысын бұзады. Бәрі деуден аулақпыз. Курьерлердің арасында белсенділер де бар. Олар тәртіп бұзғандарды көре қалса, бірден полицияға хабарласады.
Нұрәлі Әйтеленов, курьер:
- Өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан басыңды қауіпке тігудің қажеті жоқ. Тіпті сенің кесірің өзгеге тиіп кетуі мүмкін. Мен мопед жүргізушілеріне осылай дер едім. Автокөлік қағып кетсе не болады? Мұндай жағдайды естіп, көріп жүрсіздер.
Ал мынау Шығыс айналма жолы. Түнгі уақытта бұл жер жарыс алаңына айналады. Сағатына 180 шақырыммен жүрген мына мотоциклды полиция машинасының өзі әзір қуып жетті.
Бұрыннан мотоцикл жүргізетін Сұлтан Долгиев мұндай мінез-құлық негізінен жастарға тән деп санайды.
Сұлтан Долгиев, әуесқой мотоцикл жүргізушісі:
- Бізге мінбе деп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, өзгелерді, жан-жағыңдағы адамдары сыйлау керек, деп ойлаймын. Түнде шу шығарған мұлдем дұрыс емес. Бағдаршамда тұрып, назар аударту үшін газды қатты басады. Ол не үшін қажет? Қазір ешкімді ештеңе таң қалдырмайды. Арзанқол мотоцикл тіптен ешкімге керек емес.
Серік Шумаев, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
- Менің ойымша, осындай іс-әрекетке баратын жүргізушілер өзгені қойып, өзіне жаны ашымайды. Сөйтіп, айналасындағы жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіреді.
Кей кездері осындай бір рейдтің өзінде 60-тан астам тәртіп бұзушы анықталады. Ал жыл басынан бері алматылық полицейлер мотоцикл және мопед жүргізушілеріне 10 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов