Қостанайда мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен 5 адам қамауға алынды

Қостанайда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікпен 5 адам қамауға алынды.

Қылмыстық топ 2022 жылдан бері жалған ет сату мәмілелері арқылы 1,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жалғасуда. Ұйымдасқан топты ірі ет өңдеу кәсіпорнының директоры басқарған. Ал оның құрамына осы мекеменің қызметкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, мал дәрігерлері мен лауазымды тұлғалар кірген. Бүгінде қылмыстық әрекетке қатысы бар 50-ден аса шаруа қожалығы анықталды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Бүгінгі таңда алаяқтық, ұйымдасқан топ құру және басқару фактілері бойынша он жеті қылмыстық іс тіркелді. Топ мүшелерінің банк ұяшықтарында және есепшоттарында шетел және ұлттық валютадағы жалпы сомасы 3 млн астам АҚШ доллары бар екені анықталды. Алдын ала тергеу барысында қожалық басшылары кінәсін мойындап, 62 млн теңгеден астам қаржыны өз еркімен мемлекет кірісіне қайтарған.

Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауға алынды.