Түркістан облысында екі елді мекенге газ берілді

Түркістан облысында екі бірдей елді мекен орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды.

Келес ауданындағы Бәйтерек пен Жамбыл-2 ауылының халқы бұдан былай көгілдір отынның игілігін көріп, тұрмысы жайланатын болды. Дербес шоттары әзір, техникалық шарт жасасқан тұрғындар табиғи газға кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Тұтынушыларды табиғи газға қосу салтанатына "QazaqGaz" ұлттық компаниясына еншілес "ҚазТрансГаз Аймақ" кәсіпорнының басшысы да арнайы қатысты. Ауылдағы ағайынның қуанышына әріптесім де куә болып қайтты.

Байтерек пен Жамбыл-2 елдімекендеріне газ жүйесін тарту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталды. Көмір тасып, күл шығару машақатын тартқан қос елдімекен халқына табиғи газ жеткізу үшін Ғани Мұратбаев стансасынан 25 шақырымнан аса құбыр тартылып, екі бірдей газ реттеуіш бекеті салынды. Нәтижесінде 544 абонент көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Қалампыр Кенжебаева, Байтерек ауылының тұрғыны:

- Біз қашаннан да 68 жылдан бері көмір жағып келе жатырмыз. Күл алып, тезек істедік. Міне, оның бәрі ақырын артта қалды. Аллаға шүкір деп газға жеткенімізге шүкіршілік айтамыз.

Тұрғындарды бүгінгі қуанышымен құттықтаған "ҚазТрансГаз Аймақ" мамандары ауыл тұрғындарына табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау мен газды үнемді пайдалану ережелері жазылған ескертпе-парақшаларын таратты. Үйлерді газға қосумен қатар, бұл күндері газ жүйелерін алдағы қыс маусымына дайындау жұмыстары да қызу атқарылып жатыр.

Бауыржан Асқаров, «ҚазТрансГаз Аймақ»АҚ бас директоры:

- Бүгін үлкен маңызды жобаны іске қосып жатырмыз. Түркістан облысының әкімшілігі және "QazaqGaz" компаниясы бірге осы жобаны іске асырды. Жалпы айтатын болсақ, "QazaqGaz" компаниясы, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы алдымыздағы келе жатқан жылыту маусымына, дайындығына өте маңызды күрделі жұмыстарын жасап жатыр. Кестеміз бар. График бар. Сол график бойынша жұмысымыз жасалып жатыр.

Бүгінгі күні «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының алдағы жылыту маусымына дайындығы 72 пайызды құрады. 863 шақырымдай газ құбыры аспаптық тексеруден өткізіліп, табылған ақаулар жөнделді. Газ мамандарының жоспарына сәйкес, қыс мезгіліне дайындық жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов