Елордада адам саудасымен күрес бойынша халықаралық конференция өтті

Қазір адам саудасы тыйылмай тұр.

Бұл қылмыс жаһандық проблемаға айналған. Астанада «Адам саудасына қарсы күресте ұлттық және халықаралық серіктестікті нығайту» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің сарапшылары қатысып, проблеманы шешу жолдарын қарастырды.

Қазір адам саудасы ғаламдық проблемаға айналды. Құлдыққа мәжбүрлеу, қинап ұстау, қызметшінің еңбегін қанау – дамыған елдердің өзінде басты түйткіл.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Адам саудасына қатысты елімізде жыл сайын 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Биылғы статистика да оңып тұрған жоқ. Себебі кейінгі 6 айда 110 дерек анықталған. Құрбандардың көбі – әйелдер мен жасөспірімдер, - дейді мамандар.

Бұл – тек құқық қорғау органдарының араласуымен әшкере болған қылмыстар. Құлдық қамытын киіп, бәзбіреудің қолында күшпен отырғандар қатары көбейген. Тіпті шақалақ сәбиін сататындар да жиі кездеседі. Жұмыс іздеп, алаяқтардың арбауына түсетіндер де жетеді, - дейді мамандар.

Руслан Жақсылықов, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкері:

- Оның ішінде Қазақстанда сексуалдық пайдалану мақсатында көптеген қылмыстар тіркеледі. Дүниежүзіндегі және Қазақстандағы статистика бойынша адам саудасының негізгі жапа шегетін 70% – әйелдер. Себебі біздің және басқа елдің азаматшалары жақсы өмірді іздеу, жұмыс табу мақсатында шетелге әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа әкету туралы хабарламаларға алданып, алаяқтардың құрбаны болады.

Қазір Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты. Ғаламдық проблеманың жолын кесуге бұл да аздық етіп отыр. Қоғамдағы олқылықты ретке келтіру үшін Президент пәрменімен алғаш рет адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленді. Құжат қазір Парламенттің қарауына енгізілген. Сарапшылар күрделі проблеманы ушықтырмас үшін заңнамалық құжат аса қажет екенін айтады.

Қалиолла Сейтенов, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының м.а.:

- Біз айтамыз бұл құқықтық салдарымен ғана күресу керек. Ал жалпы осы бағытта үлкен жұмыстарды атқаруымыз керек. Оның себептерін анықтауымыз керек. Сонымен қатар мемлекеттің бір-бірімен арақатынасы осы салада үлкен жұмыстар істеу керек. Халықаралық ұйымдар және басқа да ұйымдардың бірлесіп істеген жұмыс.

БҰҰ дерегі бойынша әлемде жыл сайын 25 миллион адам осы қылмыстың құрбанына айналады. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, мәжбүрлеп «жұмысқа жегуден» қылмыскерлер жылына 150 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда табады. Мамандар жәбір көргендерге құқықтық және психологиялық қолдау қажет дейді.

Ашита Миттал, Орталық Азиядағы БҰҰ ЕҚБ аймақтық өкілі:

- Біздің ұйым әр жәбірленушіні қолдауға және ешкімді бей-жай қалдырмауға тырысады. Құқық қорғау органдарымен тиімді ынтымақтастық орнатып, ақпарат алмасамыз. Сонымен қатар бірлескен операциялар арқылы қылмыстардың жолын кесуге атсалысамыз. Ол үшін жәбірленушіге бағытталған тәсілді ұстанамыз. Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында адам саудасымен күресудің мамандандырылған арнайы желілерін құруды көздейміз.

Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы қабылданса, құжатсыз құлға айналғандар мен сәби саудасына тыйым салынады. Мәселенің салдарымен күресіп қана қоймай, себебі де назарға алынады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мерей Жеңісқызы, Наурызбай Құрманғазы.