Оралда киберқылмысқа қарсы күрес тобы құрылды
Олар интернет алаяқтарын ұстауға жұмылдырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір бұл салада «цифрлық криминалист» ұғымы пайда болып, мамандар құпия бағдарламалар жүйесімен қамтылып жатыр.
Галинаны алаяқтар сан соқтырып кеткен. Айтуынша, былтыр бейтаныс адам банк қызметкерімін деп хабарласып, тиімді инсвестициялық бағдарламаға қатысуды ұсыныпты. Оның нұсқауымен келіншек ұялы телефонына бірқатар мобильдік қосымша жүктеген. Сол сәтті күткен алаяқ әйелдің атына 2 банктен 3 млн теңгеге несие рәсімдеп тастапты.
Галина Қала, тұрғыны:
- «Мобильдік қосымшаға кіріп, бір батырманы бас» деді. Оны басып едім, телефонымды қашықтан әлдебіреу басқара жөнелді. Ол несие рәсімдеген. Қазір сол несиені жабу үшін ай сайын 105 мың теңге төлеуге мәжбүрмін. Полицияға шағымданған едім, бірақ олар интернет алаяқтарын табуға дәрменсіз болды.
Дәл осылай интернет алаяқтарына алданып қалғандар қатары азаяр емес. Былтыр өңірде мұндай 750 қылмыстық дерек тіркелсе, биылдың өзінде 242 шағым түскен екен. Түрлі мекеме қызметкерлерінің атын жамылып, талайдың қаржысын жымқырған «пысықайлар» айылын жимай тұр. Ал оларды ұстауға ішкі істер органдарының тәжірибесі жеткіліксіз. Енді ғана құрылып жатқан жұмыс тобы жұртқа жаңа үміт беріп отыр. Бұл құрылым қатарында бір цифрлық криминалист, 4 жедел уәкіл және 4 тергеуші қызмет атқарады. Оларға қажетті негізгі 5 бағдарламалық жүйенің әзірге үшеуі сатып алынған.
Арман Оразәлиев, облыстық Полиция департаментінің бастығы:
- Биыл 5-6 айдың ішінде біз 100% қамтамасыз ететін боламыз. Ол өте арзан бағдарлама деп айтуға болмайды. Қымбат. Бірақ өз нәтижесін береді. Ең қымбат екеуі қалып отыр. Екеуін сатып аламыз. Цифрлық криминалист, бұл – жаңа термин. Осыған дейін осындай цифрлық криминалист болған жоқ деп айтуға болады біздің облысымызда.
Елдегі тәжірибеге сүйенсек, киберқылмыс деректерінің әрі кетсе 20%-і ғана ашылады екен. Жыл басталғалы бері аймақта 15 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Ақтолқын Байниязова, киберқылмысқа қарсы күрес тобының тергеушісі:
- Өкінішке қарай, мұндай жағдайға зейнет жасынан асқан аға-апаларымыз да түсіп жатыр қазіргі жағдайда. Өздерінің банк қызметінің қауіпсіздік қызметкерлері ретінде көбінесе хабарласады. Тұрғындардың атына несие рәсімделіп жатқанын және соған шектеу қою жөнінде тұрғындарды сендіреді. Анықталды. 4 іс бойынша. Менен де басқа тергеушілер сотқа жолдап жатыр материалды.
Сала басшысы жаңа құрылымның киберқылмысты азайтуға септігін тигізетініне сенімді. Елімізде мұндай нысаналы топтар әзірге Астана, Алматы қалалары және Қарағанды облысында ғана бар. Жергілікті қызметкерлерді оңтүстік астанадағы киберполигонда шеберлігін шыңдауға жіберу жоспарланған.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.