Ақтөбе тұрғындарын үйіліп жатқан қоқыс мәселесі мазалайды
Қала аулалары уақытылы тазартылмай, үй-жайдың маңы тұрмыстық қалдыққа толған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Коммуналдық мекемелердің қызметіне жұрттың көңілі толмайды.
Қаланың ескі бөлігіндегі кез келген көпқабатты үйдің ауласындағы көрініс – осы. Бірнеше күннен бері шығарылмаған қоқыс үйіліп жатыр. Аптасына бір рет келетін жүк көліктері жәшікті ғана төңкеріп әкетеді.
Алтынгүл Жанкина, қала тұрғыны:
- Ауланың ортасында тұрады үйіліп. Дым жиналмайды дұрыс. Әсіресе сенбі-жексенбі қоқыс толып кетеді. Ақшасын уақытында төлейміз. Уақытында төлемесек, хабарласады, жазады.
Жеке үйлердің маңында да жағдай мәз емес. Көше бойындағы әр жерге ілінген қоқыс дорбасынан көз сүрінеді. Бұралқы ит-мысықтың ермегіне айналған.
Жұмабек Құлымбетов, қала тұрғыны:
- Сейсенбі күні алу керек еді. Әлі алған жоқ. Сонымен әлі тұр. Енді білмеймін қашан алатынын. Әр көшенің бойында қоқыс жатыр қазір.
Қаладағы Астана шағын ауданында 391 қоқыс алаңы бар. Билік өкілдері жыл сайын жәшіктер санын көбейтеміз дейді. Алайда мәселені түпкілікті шешуге коммуналдық мекемелердің аздығы мен қажетті жүк көліктерінің тапшылығы тұсау боп отыр. Бұған дейін қызмет еткен 3 серіктестіктің бірі тамыз айынан бастап жұмысын тоқтатады. Соңғы бір айда компанияға тиесілі 12 арнаулы автокөліктің жартысы жұмысқа істеп тұр екен.
Қоқыс шығару құны да көтерілген. Пәтер иелері бұған дейін адам басына 180 теңгеден төлесе, биылдан бастап ол 417 теңге болған. Ал жеке үй тұрғындары қазір 450 теңге төлейді. Жергілікті билік өкілдері қоқысты уақытылы шығару мәселесі көп ұзамай шешіледі деп отыр. Ол үшін мемлекеттік қазыналық мекеме де құрылған.
Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі:
- АТК-қызмет мекемесі қазіргі кезде техникаларды алып жатыр. Алғашқы легі келді, 5 мусор шығарылатын арнайы техника келді. Жалпы 25 мусоровоз, арнаулы техника келеді. Осыған дейін Clean-City-де жасаған адамдар автоматты түрде жаңадан құрылып жатқан АТК-қызмет мекемесіне ауысатын болады.
Мәселе шешімін тапқан соң қызмет ақысын уақытылы төлеу бойынша жұмыс күшейтілмекші. Жергілікті билік қоқыс шығару қызметіне ақша төлеуден жалтарғандарға қатысты шара қолдануды көздейді. Ол үшін ортақ есептеу түбіртегі енгізілмек. Яғни, электр жарығы мен көгілдір отын, жылу, ауызсу және төлемдерімен қатар тұрмыстық қалдық қызметін төлеу бір жүйеде есептеледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.