Қазақстандағы алғашқы жерасты жолының құрылысы аяқталуға жақын
Түркістан облысының Түлкібас ауданында 10 жылдан бері салынып жатқан өткел биыл қараша айында пайдалануға беріледі.
Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов мәлімдеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан жерасты жолының жалпы құны - 8,5 млрд теңге. Екі жолақты тоннельдің ұзындығы - 840, ені – 13 метр. Аудан әкімінің айтуынша, қазір төбесін бетондау жұмыстары толығымен аяқталған. Енді ішін әрлеу, асфальт төсеу, электр жүйесімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 2013 жылы басталып, 2016 жылы тапсырылуы тиіс болатын. Алайда мұнымен бастапқыда айналысқан Ирандық компания тиісті талаптарды орындай алмай, жұмысты аяқсыз қалдырды. Кейін жоба Әзірбайжандық компанияға сеніп тапсырылды.
Нұржан Ізтілеуов, Түлкібас ауданының әкімі:
- Олардың жан-жағындағы сервистік орталықтар да, вертолет ұшып, қонатын жерлерде бәрін біз тиісті жер мәселесін шешіп бердік аудан тарапынан. Өздеріңіз білесіздер жылда осы Шақпақ бабаның тұсында қатты жел тұрады. Боран болып, жол жабық болады үнемі. Күрежол ауылдың ішімен өтіп жатыр ғой. Ауылдың ішіндегі қауіпсіздік те сол тоннельге байланысты болып отыр. Осы тоннель пайдалануға берілгесін біраз мәселе шешімін табатын болады.