Шар қаласында құрылыс қарқын алды

9 мыңға тарта тұрғыны бар Шар қаласында 45 жыл бойы жөндеу көрмеген мектеп ғимараты жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар мен мұғалімдерді сан жыл бойы сарсаңға салған ескі білім ордасы жаңа оқу жылында жаңа кейіпке енбек. Шағын шаһарда тұрғын үй құрылысы да қарқын алған.

Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп 1978 жылы пайдалануға берілген. 236 оқушы білім алатын ғимарат сол уақыттан бері күрделі жөндеу көрмепті. Қазір мектептің шатыры, терезелері, едендері мен су құбыры толық ауыстырылып жатыр. Бұған облыстық бюджеттен 393 миллион теңге бөлініпті. 

Меруерт Бейсенбаева, Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің директоры:

- Бұл мектептің төбесінен су ағып, терезелер ескіргеннен қатты жел болған уақытта, аязды күндері суық кіріп тұратын. Сондай үлкен мәселелер болғандықтан, міне, облысымыз бей-жай қарамай, үлкен күрделі жөндеу жұмысының нәтижесін бүгінгі күні көріп отырмыз.

Шағын шаһарда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды. 2020 жылдан бері 34 отбасы өңірлік бағдарламамен салынған баспаналарға қол жеткізіпті. Әлі де 70-тен астам адам үй кезегінде тұр.

Ернат Саршанов, Шар қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

- «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында тұрғын үй салу бағдарламасы бойынша Шар қаласында биылғы жылы екі пәтерлі 5 тұрғын үй, яғни 10 пәтер көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы жандарға, мұқтаж адамдарға берілмек. Бұл баспаналар өте қолайлы. Іші кең. 85 квадраттық үйлер.

Тоқтархан Айқынбеков, қала тұрғыны:

- 90-шы жылдары жастар кетіп қалды. Енді қазір осындай үйлер салына берсе, жұмыс орны болса. Әрине, жастар қалады. Біздің қаламыздың көркейіп, өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Енді келешекте біз Шанхай деп атаймыз, сол жақта Көбдіков атындағы мектеп бар. Сол жаққа салынсын деген халықтың ұсынысы бар.

Кезінде өз алдына аудан болған Шар шаһарында түйткілді мәселе де аз емес. Қаланың инфрақұрылымы жаңғыртуды қажет етеді. Осыған орай қазір орталық алаңды жаңарту жұмысы басталды.

Жарқынбек Байсабыров, Жарма ауданының әкімі:

- Қазіргі уақытта сол жердегі ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге арналған үлкен скверге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерде, атап өту керек, орталық сахна, бірталай жылдан бері жұмыс істемей тұрған субұрқақ, солардың барлығына аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, іске қосылатынын айтып кетуіміз керек.

Бұдан бөлек, биыл қалада 2 ойын алаңы мен 2 воркаут тұрғындардың игілігіне берілмек. Алдағы уақытта мұнда жүзу бассейні салынады. Аудандық әкімдік қазір жобалық сметалық құжатты әзірлеп жатыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.