Елімізде өлім-жітімнің 90%-і инфекциялық емес аурулардан болады

Елімізде ең көп таралған аурулардың үлесі тыныс алу жолдары сырқаттарына тиесілі екен, ал өлім-жітімнің 90%-і инфекциялық емес аурулардан болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медицина мамандары бұл дерттерді 4 топқа бөледі. Яғни, бұған жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар, қант диабеті және тыныс алу жолдары сырқаттары енеді. Ал көбіне бұл аурулардың негізгі себебі – салауатты өмір салтын ұстанбау. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына көз жүгіртсек, ел халқының 23,2%-і спортпен тұрақты шұғылданады екен.

27 жастағы Дархан бодибилдинг спортына 6 жыл бұрын келді. Өзіндік себебі бар. Бойы 180 сантиметрден асатын жігітке шыр бітпей қойған. Салмағы 50 келіден әрі баспаған соң қаралмаған дәрігері қалмапты. Мұның жалғыз емі спорт деген кеңесті де солар берді. Қазір Дархан Астанадағы кәнігі фитнес бапкерлердің біріне айналды.

Дархан Байгучуков, фитнес бапкері:

- Қазір фитнеске сұраныс өсіп келеді. Сәйкесінше залдарды көптеп ашу қажет. Тек қана табысты, бай адамдар үшін емес, кез келген жан үшін спорт қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Өзімнің басымнан өткен соң айтамын, спортпен айналысқа адам ауырмайды, өзін сергек ұстайды. Жұмысы да өнімді болмақ. Сондықтан мен әркімге спортқа бет бұруға кеңес беремін.

Тұрғындар:

- Жалпы фаст-фудты өзім 2 аптада, 3 аптада бір, кейде-кейде тұтынамыз. Отбасымызбен, достарымызбен тұтынамыз. Бірақ спортқа да қызығып, шұғылданбаймын. Ондай қатты уақыт жоқ.

- Спортпен айналысамын. Әсіресе футбол. Жақсы көретін спорт. Фаст-фудты кейінгі кезде аз жеймін. Көбінесе жеміс-жидек, қазір жаз ғой.

- Фаст-фуд енді жеп тұрамыз, кішкентай баламыз бар. Отбасымызбен, аптасына 1 рет. Спортпен енді жұмыстамыз көп уақыт. Бос уақыт кездері мүмкіншілікке қарай.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, адам ғұмырының ұзақтығы 50% жағдайда өмір салтына тәуелді. Қазақстанда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілді. Жобада 2025 жылға дейін салауатты өмір салтын ұстанған тұрғындар үлесін 45%-ке жеткізу міндеті қойылды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 23,2%-ке ғана жетті.

Жанар Қалмақова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Жұқпалы емес аурулар Қазақстан Республикасының экономикасы, денсаулық сақтау саласына ғана емес, барлық экономикасына өзінің зардабын тигізеді. 2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зерттеу жүргізген. Сол зерттеу бойынша осы 4 топ жұқпалы емес аурулардан болатын біздің экономикамызға тікелей және тікелей емес шығындары 2,3 трлн теңгені құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес елімізде ересектер арасында тыныс алу жолдары аурулары кең таралған. Былтыр 100 мың адамға шаққанда 11 мыңнан астам деректі құрады. Бұдан кейін жүрек-қан тамырлары және қуық безі дерттері белең алып тұр. Әлем елдерін семіздік мәселесі алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, артық салмақ жыл сайын 1 миллионнан астам адамның өліміне себеп болады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қанат Жолдасбек, Жандос Битабаров, Нұрғали Мамырбаев, Наурызбай Құрманғазы.