Жетісу облысында 240-тан астам көлік апаты тіркелді
Жетісу облысында жыл басынан бері 240-тан астам көлік апаты тіркеліп, 70 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».
350 жолаушы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Жол көлік апаты әсіресе жазғы шомылу маусымында көбейеді. Жүргізушілер негізінен жылдамдықты шамадан тыс асырады. Жол үстінде қалғып, қарсы бағытқа шығып кетеді.
Құзырлы органдар сол себепті «Жолда қабылдау» шарасын ұйымдастырып жатыр. Осыған орай Көксу аудандық прокуратурасы полиция қызметкерлерімен бірге «Алматы-Өскемен» тасжолына шығып, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл акцияға жедел жәрдем қызметі де қатысты. Медицина қызметкерлері көлік иелерінің қан қысымын тексеріп, жүргізушілерді бір сергітіп алу үшін мұздай су мен балмұздақ ұсынды. Бір ғана Көксу ауданының аумағында биыл 16 жол көлік оқиғасы болып, 10 адам қаза тапқан.
Бүркіт Нұрмұханбетов, Көксу аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
- Мына жолдың өзі, көріп тұрғанымыздай, машина қозғалысы қатты жүретіндіктен, басқа камераларды орнату үшін сондай үлестерін қосса екен деп ойлаймын. Себебі жүргізушілер қатты жүргендіктен, жол-көлік апатына әкеліп соғып жатыр. Жол қателіктерді кешірмейді.