Павлодар облысында мал азығын дайындауға баса мән беріледі
Павлодар облысының аграрлық секторы үшін биылғы жаз қиынға соғып тұр.
Өңірде қыс қарсыз өтті. Көктем ерте шықты. Мамыр мен маусым айларында ауа температурасы 35-40 градусқа көтерілді. Ал Ертіс өзенінің бойындағы шабындық алқаптарына су жайылмаған. Өзеннің арнасынан аспауы Ақтоғай, Май аудандарының шаруаларын тығырыққа тіреді. Төрт-түлікке жем-шөп таба алмай қиналған фермерлер мемлекеттен көмек сұрайды.
Май ауданының Саты ауылында 21 шаруа қожалығы тіркелген. Жыл сайын олар Ертіс өзенінің аңғарынан шөп шауып, артылғанын жекеменшік иелеріне сататын. Биыл өздері шөп таба алмай қиналып қалды. Құрғақшылық бүйірден қысып тұрғанда шабындық жерлердің бір бөлігі өртеніп кетті.
Амангелді Солтанов, шаруа қожалығының басшысы:
- Өз арнасынан шықпағаннан кейін ол қайдан береді біздің шабындық шөптерімізге. Содан кейін біраз шөп бар-тын. Ол шөпті өзіміз сақтай алмадық. Найзағайлар түсіп қайта-қайта бұл енді құрғақшылыққа орай өрт бастала кетеді. Енді білмеймін қалай екенін шабатын жер жоқ мына арада.
Төлепберген Әубәкіров, шаруа қожалығының басшысы:
- Енді бір басқа түскен сынақ шығар. Малдың азығын дайындай алмай отырмыз. Жылда дайындайтын шөптің өзі биыл Ертістің суы тасымай жаңбыр жаумай өсімдіктің жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой. Қазір шабындықты бастадық, Шамамен гектарына 3 центнер, солай. Енді болашақта биыл қыстың азығын қалай ойлап, қалай істесек, енді үкімет бір қаражат бөліп, шет жақтан сатып әкеп малды асырамасақ басқа амалын көріп отырған жоқпыз.
Май ауданының шаруа қожалықтарына көрші аудандар көмек қолын созды. Шабындық алқабын бөліп отыр. Бірақ ол жол шығынын ақтамайды деген фермерлер жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауды сұрайды.
Ағыбай Әмірин, Май ауданының әкімі:
- Біз мал шаруашылығымен айналысатын ауданға жатамыз. Бірақ бізде малдың аштан қырылу дерегі тіркелген жоқ. Ал төтенше жағдай келтірілген шығынды өтеу мақсатында енгізіледі. Бұл мәселені талқылайтын боламыз.
Әдетте Май ауданында Ертістің шабындық алқаптары гектарына 18 центнерден шөп беретін. Биыл көрсеткіш екі есе төмен. Далалы жерлерде шөп жоқ. Күйгені күйіп, күймегені киіктің тұяғынан қалмапты. Сондықтан жем-шөпті арзандатуға жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге қарастырылған. Қосымша тағы бір миллиард теңге бөлу мәселесі облыстық мәслихатта қаралады. Мал асырайтын жеке азаматтар да көмектен шет қалмайды.
Ерлан Ілиясов, Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Екі ауданда мәселе көтеріп отырған жаңағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қатысты болып тұр. Бұл жерде Май ауданының әкімдігі өз тарапынан бұларға көмек көрсететін болып шешім қабылдады. Өздері тегін 32 отбасын анықтаған. Сол Май ауданындағы соларға жем-шөп дайындап өздері жеткізетін болады. Ал Ақтоғай ауданына келетін болсақ бұл жерде басқаша жұмыс жүрігізіледі. Сол Ақтоғай ауданының ірі кәсіпорындарына сол әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды тіркеп яғни солардың қоластыларына бекітіп сол жем-шөп дайындау бойынша көмек көрсететін болады.
Ел арасында жем-шөп қымбаттаса еттің бағасы да өседі деген күдік басым. Алайда министрлер ондай қауіп жоқ, дейді.
Серік Жұманғарин ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
- Оның екі аспекті болуы мүмкін. Қазір мына құрғақшылық тапшылыққа әкелсе біздерде әрине сонда, оны ойлау керек. Бірақ біздерде қазір продкорпорация запас істеді бізде. Бидайдың 235 мың тоннасы дайын тұр бізде.
Павлодар облысында қазір мал азығын дайындауға баса мән беріліп отыр. Қыстан қысылмай шығу үшін 1 миллион 215 мың тонна шөп керек.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков