Субұрқаққа шомылу түрлі ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін

Дәлірек айтқанда вирустық және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары.

Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары осылай дейді. Алайда ала жаздай үй бетін көрмей, субұрқақты ойын алаңына айналдырғандар азаяр емес.

Субұрқақта ойнап жүр, талай қала баласы. Алайда алаңсыз бала мұндай әуестіктің түрлі ауруға шалдықтыруы мүмкін екенін білмейді. Қазіргі аптап ыстықтан қорғану үшін шомылып жүрген балалардың қарасы көп. Кейбірі қараусыз жүрсе, кейбірінің жанында ересектер де бар. Демек, субұрқақтың қаупі әлі де көпшілік тарапынан ескерусіз қалып жатыр.

Блицтер:

- Енді ыстық күн. Шомылып жүрген жоқ, жәй малшынып жүр.

- Иә, жалпы ескертуін ескертем ғой. Бірақ бала ғой, ыстық болғаннан кейін шыдай алмайды.

- Ааа, онысын білмейміз бірақ, күнде кеп шомылады, ойнайды балалар.

-  Күнде шомылады. Құдайдың құтты күні шомылады.

- Қыдырып жүргеннен кейін түсіп жатыр.

Санитарлық ережелерге сәйкес, фонтандарда шомылуға тыйым салынған. Бірақ бұл үшін ешқандай әкімшілік айыппұл да қарастырылмаған.  Сондықтан мамандар, әр ата-ана өз баласына субұрқаққа түсудің қауіптілігін түсіндіру қажет дейді. Мәселен, ондағы су жиі жаңартылмайды. Әрі ыстықта фонтан суының құрамындағы қауіпті микроорганизмдер жылдам көбейеді.

Әділ Әбілов Санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығының фельдшер зертаханашысы:

- Ашық алаң болғандықтан жауын-шашын, құстар, адамдардың өздерінің ластауынан әртүрлі паразиттер пайда болады. Одан конъюнктивит, ротавирустік, инфекциялар, вирустық гепотит А жұқтыру қаупі жоғары. Санитарлық тазалау болады. Химиялық қоспалар қосыла бастайды. Назар аудару керек фонтанның жанында тиым салатын белгілері болады. Ата-аналар көбіне оған мән бере бермейді.

Бұған дейін елімізде тап осы фонтанға қатысты бірқатар жазатайым оқиға болды. Өкінішке қара, суына шомыламын деп мерт болғандар да бар.   Осыдан бір апта бұрын Шымкентте 10 жасар бала субұрқаққа түсіп көз жұмды. Аталған фактіге қатысты сот медициналық сараптама тағайындады. Ал, санитарлық мамандар өз тарапынан қаладағы фонтан суларына химиялық талдау жасап отыратынын айтады. Судың химиялық құрамы белгіленген нормадан асып кетсе, жауаптыларға ескерту жасалады.

Әділ Әбілов Санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығының фельдшер зертаханашысы:

- Неліктен тағы тыйым салынатыны ата-аналар көбіне біле бермейді. Олар электр жүйесімен барады. Яғни, электр соғу қаупі бар. Балалар оны біле бермейді, ата-аналар біле бермейді. Сондықтан фонтанға жолатпаған жақсы.

Субұрқақ қалаға көрік беріп қана тұратын нысан. Ол көзге көрінбегенімен электр жүйесімен басқарылады. Сондықтан, вирустық инфекциядан бөлек тоқ соғу қаупі де бар.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев