Астанада вандализм деректері азаймай тұр

Жыл басынан бері Астанада вандализм деректері бойынша 555 хаттама толтырылған.

Яғни, ғимараттарды, ортақ мүлікті бүлдіріп, қоғамдық көліктің жабдықтарын сындырғандар жауапқа тартылған. Елордада осы келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында кезекті іс-шара өтті. «Стоп, вандал» атты акция аясында үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қалалық мүлікті аялап ұстау қажеттігі түсіндірілді. Ал жастардан құралған еріктілер тобы үнпарақтар таратып, қоғам назарын аталған мәселеге аударуға тырысты. Мамандар вандализмге көбіне жасөсіпірімдер мен жастар баратынын айтады. Сондықтан да бала тәрбиесіне баса көңіл бөліп, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жіті назар аудару керек деп отыр. Аталған акция жыл соңына дейін жалғасады.

Әдепхан Ахметов, Астана қаласының «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ төрағасы:

- Негізі бұл вандализмге ата-аналардың да себебі тиеді ғой. Өйткені осы ата-аналардың жақсы тәрбиесі болса, вандализмге баруға ешқандай мүмкіндік болмайды. Көбінесе біздің жастар қазіргі кезде мынау интернетке көп отырады. Сол себептен мына интернетке еліктеп, осындай дәрежеге жетеді деп ойлаймын өзім.