Шымкентте 65 млн теңгені қолды қылған киберқылмыскерлер сотталды
Шымкентте алаяқтықпен 65 миллион теңгені қолды қылған 6 киберқылмыскер сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар жәбірленушіге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, депозитіне қауіп төнгенін хабарлаған. Жиған-тергенінен айырылып қаламын деп қорыққан тұрғындар бар ақшасын алаяқ айтқан шотқа аударған. Тіпті бір азамат өзін банк қызметкерімін деп таныстырған қарақшыға имандай сеніп, 4 миллион теңгесін қолды қылды. Жәбірленушілер арасында Астана, Алматы және Қазақстанның өзге де өңір тұрғындары бар.
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық топ тыңғылықты ойластырған жоспар бойынша әрекет еткен. Ұйымдастырушы тапсырма беріп отырған, ал сыбайластары түскен қаражатты банкоматтан шешіп берген. Сот қылмыскерлерді 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырды.