Шымкентте білім басқармасының қызметкерлері сотталды
Шымкентте білім басқармасының 2 бірдей лауазымды қызметкері жемқорлыққа жол бергені үшін сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушыларға 36 млн теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде үкім шығарды. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдары мен квазимемлекеттік секторда еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды. Сот отырысында олардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын субсидиялау шарттарына кедергісіз қол қою үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін пара алғаны дәлелденді. Әрі бұл қаражатты балабақша басшыларынан жүйелі түрде талап етіп, алып отырған.
Олжас Тобашов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бөлім басшысы:
- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында Шымкент қалалық білім басқармасының мамандары Шыңдаулов пен Мейірбековке қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Олар жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге тексеріс жүргізбегені үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мекеме басшыларынан жүйелі негізде пара алып отырғаны үшін кінәлі деп танылды.