БҚО-да мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы жазаланды
Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұрынғы басшысы Дархан Қуанышевқа 19,5 млн теңге айыппұл салынды.
Және ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметте еңбек ету құқынан айырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 60 жастағы экс-басшыға 650 мың теңге пара алды деген айып таққан еді. "Күдікті мемлекеттік мүлік департаментіне қарасты ғимараттарды күтіп-ұстауға алған кәсіпкерден келісім-шарттағы соманың 10% талап еткен және ақшаның бір бөлігін өз туысқанының есепшотына, бір бөлігін букмекерлік кеңседегі шотына аудартқан",- дейді мамандар.
Максим Ганжа, БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Орал қалалық соты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысына қатысты үкім шығарды. Дархан Қуанышев бизнес өкілінен елеулі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік ғимараттарды күтіп ұстауға қатысты актілерді еш кедергісіз қол қойғаны үшін ақша сұраған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.