Алматыда өрт кезінде жараланған екі адам палатаға ауыстырылды
Ақкент шағын ауданындағы тұрғын үйдегі өрт кезінде терезеден секіріп кеткен 35 және 19 жастағы екі әйел жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Науқастардың жағдайы тұрақты. Олар барлық қажетті медициналық көмекті алуда. Сондай-ақ жансақтау бөлімінде жатқан бала да токсикология бөліміне ауыстырылды. Ауруханада стационарлық ем қабылдап жатқан басқа да зардап шеккендердің жағдайы жақсы, - дейді дәрігерлер. Алдағы күндері олар ауруханадан шығарылады. Естеріңізге сала кетейік, бірінші тамыз күні Ақкент шағын ауданындағы 54-үйде болған өрттен 49 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапқан болатын.