БҚО-дағы Өркен ауылы өркендеп келеді
Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысына биыл 26,5 миллиард теңге қаралса, соның 5,7 миллиарды Бәйтерек ауданына бөлінді.
Күні бүгін жоспарланған 90 шақырымның 63 шақырымына асфальт төселді. Жол азабынан құтылып, қуанышқа кенелгендер қатарында Өркен ауылының тұрғындары да бар. Көшім округіне қарасты елді мекен қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. 70-тей түтін, 350-дей адам бар. Тұрғындардың басым бөлігі бау-бақша егіп, мал өсіреді. Қалаға қатынап жұмыс істейтіндері де аз емес. Биыл ауылда 60 орындық жаңа мектеп салынып, ауызсу құбыры тартылып жатыр.
Мақсот Ибрашев, Өркен ауылының тұрғыны:
- Қала 60 шақырым болса да, екі-үш сағат жүріп баратынбыз. Себебі лайсаңда, балшық уақытында жүре алмайсың, трактормен сүйрейсің. Үлкен, алды-арты істейтін мостылы машиналардың өздері жүре алмай балшыққа батып жататын. Қиындықтар болды, сол қиындықтардың азғантай күн қалды бітуіне. Көп рахмет айтамын!
Аслан Даубаев, Бәйтерек аудандық ТҮКШ Және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жоба құны 946 млн теңге. Аталған жолды біз қазан айында бітіруіміз керек. Алайда аталған жобаны тамыз айында бітіреміз. Яғни екі ай бұрын. Аталған жолдың 13 шақырым жолы жасалды. Қалған бір жарым шақырымды осы бір айда бітіреміз.