Тараздағы фосфор зауытында зардап шеккендер ауруханада жатыр
Тараздағы фосфор зауытында болған жарылыстан зардап шеккен 32 жастағы азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Күйік шалу бөлімшесінің меңгерушісі денесінің 22%-ін күйік шалған, термохимиялық күйік салдарынан жағдайы ауыр дейді. Ал 26 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр. Ол күйік бөлімінде.
Еске сала кетейік, тамыздың 3-і күні Жаңа Жамбыл фосфор зауытының аумағында жарылыс болып, салдарынан жұмысшылар химиялық күйік алған. Олар дереу Тараз қалалық ауруханасына жеткізілді. Осы дерек бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Апаттың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Әбілсейіт Сыдықов, көпбейінді аурухананың күйік шалу бөлімшесінің меңгерушісі:
- Бөлімшеде жатқан науқастың жағдайы жақсы болу керек. Ал жансақтау бөлімінде жатқан науқас әлі шок күйінде болғандықтан, оған болжам айту әлі ертерек.