Созақ ауылының тұрғыны соңғы 3 жылдан бері қауын-қарбыз егумен айналысады

Қысы суық, жазы аптап ыстық Созақ өңірі - Түркістан облысындағы табиғаты қатал ауданға жатады.

Су тапшы, жері шөлейтті болғандықтан мұнда ешкім бақша дақылдарын екпейді. Қажетті көкөністі басқа аудандардан сатып алады. Алайда топырақтың тілін тапқан диқандар соңғы үш жылда бұл үрдісті бұзып, дәмі тіл үйіретін Созақтың қауын-қарбызын экспортқа да шығарып үлгерді.

Созақ ауылының тұрғыны Шәріпжан Рысметов соңғы 3 жылдан бері бақша қауын-қарбыз егумен айналысады. Алдыңғы жылы 5 гектарға егіп, одан 110 тонна өнім алған. Дәмі тіл үйіретін қарбызды алғашқылардың бірі болып Ресей мен Батыс Еуропа нарығына дейін жөнелткен. Биыл егіс көлемін 7 гектарға жеткізіп, 150 тонна өнім алуды көздеп отыр. «Бақша дақылдары өзінің табиғи әрі экологиялық тазалығымен құнды»,-дейді диқан. Биыл өнімді шетке сатпай аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Шәріпжан Рысметов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Теріскейде қауын, қарбыз болмайды деген бізге басқа аудандардан әкеп сатады. Неге біз өзіміз сатпаймыз? Неге өзіміз өнедірмейміз? Ақша ішкі базарда қалмайды. Осы мақсат болған менде. Сол мақсатпен тірлік қылдық. Аллаға шүкір жемісін беріп жатыр. Үш жыл экспортпен айналыстым. Ресейге, Башкирияға қауын, қарбыз жөнелттік. Соңғы кезде ауданның талабы бойынша қазір аудан халқын қамтамасыз етіп жатырмыз. Түгел өзімнің даламнан шыққан қауын қарбызбен.

Ауданның  климаты шұғыл континентті,  қысы суық, жазы ыстық, құрғақ келеді. Бетпақ даладан соғатын «Арыстанды – Қарабас» желі де аудан территориясымен өтеді. Көктемде күн күрт суытып, шаруаларға ол да зиянын тигізеді. Бірақ диқандар оған моймайды. Қайта жастарды да осы іске баулып, білгенін үйретеді. Елдар Мұратбек Шәріпжан ағаның төл шәкірті. Ол екі жыл ішінде кәнігі бағбанға айналып үлгерген.

Елдар Мұратбек, жұмысшы:

- Жазғы демалыста осы полядамыз. Екі – үш жыл болды. Көкеме көмектесіп, ол да бізге көмектесіп, шөп береді. Қауын қарбыз егеміз, бүгін пәлектерді қайырып, бетін жауып жүрміз. Болашақта диқан болғым келеді. Қалай егіп, қалай баптау керек екенін үйретіп жатыр.

Бүгінде 10 мыңнан астам халқы бар Созақ ауыл округінде 200-ге жуық ауыл шаруашылығы қожалықтары еңбек етеді. Олардың жартысы егін және бақша дақылдарын егумен айналысады. 

Арман Хафизов, Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Егін шаруашылығына келсек, 2385 гектар жер игеріліп жатыр. 45 гектар арпа, 280 гектар жүгері. 112 гектар картоп, 109 гектары көкөніс және 107 гектар бақша, 650 гектардай жоңашқа егілген. «Болыс- ата» қожалығы жылда Ресейге қауын, қарбызын экспорттайды. Қазір екі жыл болды аудан халқын таза табиғи балғын, өніммен қамтамасыз етіп отыр. Аудан халқы осы жерден кеп өнімді алып кетеді. 

Қожалық ағын су тапшылығын да оңтайлы шеше білген. Яғни, жалпы құны 4,5 млн теңгелік үш ұңғыма қаздырған. Соның арқасында таза мөлдір жер асты суын пайдалануда. Судың тазалығы мен дәмділігі қауын, қарбыздың шырынды болып келетініне септігін тигізеді екен.

Шәріпжан Рысметов, Шаруа қожалығының төрағасы:

- Ағын судан тапшылық бар. Енді табиғи су жоқ. біз тоған сұрадық, мемлекеттен. Менде үш скважина бар. 4,5 млнға. Сол сумен 22 гектарды суарып отырмыз. Толық игерілген. 6 гектар арпам тұр. 6  гектар жоңашқам тұр. 7 гектар қауын қарбызым тұр. Мемлекетке қарап маған су бер деген болмайды. Әрекет қылу керек. Сонда бәрі болады.

Жалпы ауданданның арго саласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Табиғаттың қаталдығына қарамай, маңдай терімен адал еңбек етіп жатқан шаруалардың есіл еңбегі көпгі үлгі.

Авторлары: Жандос жұмабек, Ерболат Әбіш