ШҚО-да жылу орталықтары жөнделіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысындағы жылу энергоорталықтарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха ауданында жаңғырту шаралары қолға алынғанымен, қыс маусымына толық дайын деуге әлі ерте. Мамандардың айтуынша, жоспардың жартысы орындалған. Ал жылу тарату кәсіпорындарын қыркүйек айының ортасында іске қосу міндеті тұр.
Шемонаиха ауданы қыс маусымын 1970 жылы салынған қазандықтармен өткереді. Ескі болса да, әлі көпке шыдайды, дейді энергетиктер. Су жылыту қазандығы толық жөнделсе, тағы алты бу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр.
Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:
- Құбырлары ауыстырылып, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар көмір мәселесі, келісімшарт жасалып, жылдың аяғына дейін толық жеткізілетін болады. Жылу беру желілерінде жұмыс атқарылуда. Ол Шемонаиха қаласында, Усть-Таловка кентінде.
18 мың тұрғыны бар Шемонаиханың орталық қазандығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңғыртудан өтіп жатыр. Бұған мемлекет қазынасынан 300 млн теңге бөлінсе, коммерциялық кәсіпорын 600 млн теңге жұмсайды. Тағы 300 млн теңге аудандардағы қазандықтарды көмірмен қамтуға бағытталады. Мысалы Усть-Талов кентіне 3 мың тоннадай қатты отын тасымалданды. Жылу маусымы кезінде бұл қорды екі есе ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Дидар Кеңесбаев, құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Жылу беру маусымы кезінде көмір тасымалын тоқтатпау міндеті тұр. Коммуналдық кәсіпорындар еш кедергілерге тап болмауы шарт. Тамыз айының соңына дейін өңірге 80 мың тоннадан астам қатты отын тасымалданады.
Риддер қаласында да әзірлік қызу. Шаһардың жылу энерго орталығы 20 қыркүйекте іске қосылады. Жоспарды мерзімінде аяқтау мақсатында жұмысшылар саны артады. Алдағы күндері тағы 100 маман жұмысқа кіріседі.
Игорь Михайленко, Риддер қаласы жылу электр станциясының бас директоры:
- Демеушілердің көмегімен технологиялық жабдықтар жеткізіліп жатыр. Құрал-жабдықтар бекітілген кестеге сай орнатылады.
Жалпы Риддердегі жылу станциясының жұмысын қалпына келтіруге Үкімет қорынан 8 млрд-тан астам теңге бөлінді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаханов