Үкімет басшысы су тасқынына дайындық шараларын қыс түскенше аяқтауды тапсырды

Биыл елде 300-ден аса үй су астында қалып, 46-сы тұруға жарамсыз деп танылды.

Қираған үйлерді салуға 1.3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов хабарлады. Оның айтуынша, бірнеше өңірде әлі де су тасу қаупі бар. Тиісті жол картасында жоспарланған 218 іс-шараның 88-ғана орындалып, 72-сі уақтылы іске аспай қалуы мүмкін. Министр "Жұмысты жүйелі орындауға сапасыз жоспар, бюджетке өтінім беруді кешіктіру және қаржы жетіспеушілігі кедергі келтіреді" - деді. Сондай-ақ, ол жағдайды оңалтуға бағытталған 5 ұсыныс жасады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оған қолдау білдіріп, дайындық шараларын қыс түскенше аяқтауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Биылғы көктемде оңай болған жоқ. Оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, ондағы елді-мекендердің маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды қиындатып жіберді. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауды күшейту қажет.