2024 жылы «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісі іске қосылады
Ақтөбе облысында «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісі келер жылдың күзінде іске қосылады.
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Үкімет басшысы құрылыс барысымен танысты. Құны 43,4 млрд теңге болатын жобаның аймақ үшін маңызы зор. Ол Ақтөбе мен іргелес жатқан елді мекендердің одан әрі дамуына және өнеркәсіп нысандарының сұранысын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұзындығы 165 шақырымдық желі сағатына 526 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жылына қуаттылығы 2,4 млрд текше метр газ қосымша өңірдің экономикасына, Ақтөбеге, соның маңайындағы жобаларға берілетін болады. Сондықтан біз бұл жобаны іске асыруымыз керек. Біз бұны уақытында келесі жылдың күзіне дейін аяқтауымыз қажет.