Абайдың жиені: Ғұламаның ұрпақтары өте аз қалды
Ал хакімнің ұрпақтары ата-тегімен мақтанады.
Әріптесім Мерей Мұратханқызы Абайдың Ақылбайдан тараған жиені Ләйлә Баймағамбетовамен тілдесіп, өнегесін тыңдап қайтты.
Абайдың кітабын тебірене парақтап отырған Ләйлә Баймағамбетова үшін бүгінгі күннің жөні бөлек. Жер жаһанда ұлы ойшылдың есімі ұлықталып жатыр. Таңнан бері өзі де құрметке бөленіп жатыр. Әрине, хакімнің жиені үшін бұдан асқан мәртебе жоқ.
Ләйлә Баймағамбетова, Абайдың жиені:
- Ақылбайдың үлкен баласы – Әлімқұл. Әлімқұл қызы Қауаш – менің анам. Қауаш Ақылбайқызы көзі тірісінде Абай музейінің ғылыми қызметкерлерімен тығыз байланыста болған. Естеліктерді айтып берді. Оның таспаға дауысын да жазып алды. Құнды деректерін берді. Менің анам бүкіл Абайдың әйелдерін өз көзімен көрді.
Ақылбай – Абай мен Ділдәнің тұңғыш баласы. Ол да шығармашылықпен айналысты. Саналы ғұмырында 3 поэма жазып үлгерген. Бастысы, ғұлама әкесінің «Көп ойды аз сөзге сыйғызатын ақын» деген мадағына ие болды. Осындай тұлғалардың ұрпағы болу – Ләйлә Мухлесқызы үшін үлкен жауапкершілік. Ол Мағауияның немерелерімен де жақын араласқанын айтады. Бәрінің бойында Абай құп көрген қасиет бар. Абай жиренген мінез-құлық оларға да жат.
Ләйлә Баймағамбетова, Абайдың жиені:
- Қазір ұрпақтары өте аз қалды. Шынын айтса, ер кіндігінен тек қана Бақфурда. Оның баласы – Айдар. Айдостың көзі тірі. Айдостың баласы – Данияр. Өкінішке қарай, үзілді нағыз ұрпақтар.
Өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз, Ләйлә анамыз Абайдың сөзі әр жүректе сайрап тұрғанын қалайды. Иә, Абай өсиеті талай ұрпаққа темірқазық болғаны сөзсіз. Тарихшы Асқар Ерманов ұлы ойшылдың еңбегін зерттеуді тоқтатпау керек дейді.
Асқар Ерманов, тарихшы:
- Жас ұрпақтардың арасында Абайды терең зерттейтін адамдар келеді елімізге. Сол кезде біз есімізді жинап, Абайдың сөздері жүрегімізге батып, сол кезде біз дамитын уақыт келеді ғой деймін. Жаңа апай да айтып отыр ғой. Абайдың өзі ешқайда шықпай бүкіл әлемді біліп отырған. Бұл нені білдіреді? Бұл – қасиетті жер.
Ләйлә Мухлесқызы хакімнің шығармаларын жатқа біледі. Қазір өзі 3 баласынан тараған немерелерін бағып отыр. Олардың бойына Абай бабасының ізгі қасиеттерін сіңіруге тырысады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев.