Өскеменде агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері бас қосты
Жиын барысында күзгі жиын-терім, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудың тиімді жолдары сөз болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Саланы дамыту мақсатындағы қолдау шаралары да қызу талқыға түсті.
Еліміздің несие серіктестіктері шаруа қожалықтарына үздіксіз қолдау көрсетіп келеді. Бұл шаралар көктемгі дала жұмыстарын қиындықсыз өткізуге сеп болды. Ендігі міндет – орақ науқанын табысты аяқтау. Өткен жылы шаруалар қауымына 160 млрд теңгенің несиелері берілген.
Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма басшысының орынбасары:
- Әсіресе құрғақшылықтан қиналып отырған, жаңағы мына Ресейден келіп отырған бидайдың үлкен көлемінен қиналып жатқан біздің шаруаларға мемлекет көмек көрсетпесе, онда кім көмек көрсетеді? Сондықтан да менің ойымша, несиелік серіктестіктер арқылы ауыл шаруашылығын несиелеу өте дұрыс және орынды деп табамыз.
Шаруалардың несие серіктестіктерге деген сенімі мол. Бүгінде бұл кәсіпорынмен 20 мыңнан астам ірілі-ұсақты қожалық әріптестік байланыс орнатқан. Фермерлерге қолдау көрсету мақсатында қаржыландырудың жаңа түрлері, атап айтқанда, несие сомасын арттыру, инвесторларды тарту және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жұмыс істеу жоспары әзірленіп жатыр.
Альмира Сағатова, агроөнеркәсіптік кешеніндегі несиелік серіктестік қауымдастығының төрайымы:
- Біздің қауымдастық несиелік серіктестіктер үшін арнайы қор құру жағын қарастырып жатыр. Қор арқылы қаржы инстуттарынан емес, өзге қаржы көздерінен инвестиция тарту көзделеді.
Соңғы 22 жыл ішінде серіктестік шаруа қожалықтарына 900 млрд теңгеден астам несие үлестірген. Ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге ниет еткендер аз емес. Өйткені екінші деңгейлі банктерде осындай жеңілдетілген шарттар жоқ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаканов.