БҚО-да биыл 27 адам өндірістік жарақат алған
Жыл басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында өндірістік жарақат алған 27 адамның екеуі қайтыс болған.
Марқұмдардың бірі тау-кен, екіншісі энергетика саласында қызмет атқарған. Еңбек инспекциясының мамандары тергеу жүргізіп, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік қағидалары сақталмағанын анықтады. Өндірістік жарақаттарға қатысты материалдар сотқа жолданды. Еңбек заңнамасының бұзылғаны жөнінде мекемеге 700-ден астам өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп.
Арман Тұйғынбетов БҚО Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Жыл басталғалы 102 ұйымға тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 180-нен астам заңбұзушылық анықталды. Олардың көбі жалақыны уақтылы төлемеу, жеке қорғаныс құралдарының жетіспеуі, тәртіптік жазалардың қолданылуы сияқты деректерге қатысты болып отыр. Кінәлі тұлғаларға 53 әкімшілік хаттама толтырылып, 8,5 млн теңге айыппұл салынды.