Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл
Баянауыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығын тойлады.
Аты аңызға айналған бабаның қазақ руханияты мен мәдениеті үшін қалдырған мұрасы мол. Ол өз шығармаларынан бөлек қазақтың ертеректегі аңыз, жыр дастандарын, жыраулардан қалған дүниелерді де кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетті.
Бұл күні алыс-жақыннан ат арытып келген жұрт Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бай мұрасы жөнінде сөз қозғады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салтанатты іс-шараға қатысқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған шара Ескелді шатқалында өтті. Бұл жерден қысы-жазы адам аяғы үзілмейді. Әулиенің кесенесі Қазақстанның киелі орындар тізіміне енген. Ғалым, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің көп қырлы талант екені белгілі. Мәшһүрдің тойы жалпы қазақтың тойы.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының артында қалған мол мұрасы әлі де жинақталып жатыр. Оның ішінде қазақтың мың жылдық тарихы жатыр дейді ұрпақтары.
Нартай Жүсіпов, М. Көпейұлының шөбересі, Мәшһүртанушы:
- Қаншама бізде жазушылардың архивтерінде жатыр деген дерек бар. Ол кісінің өзі қайтыс болғанда екі сандық мұрасы бәрі тарап кеткені бар. Соның өзі қалғандарынан біз өзі әулеттің мұрағаттары, ортақ қоржындағы мұрағаттар солардан шығарғанның өзінде 20 томды 13- ші жылы шықты сол айналып жүрген 20 том.
Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Енді тойдың аясында менде бір үлкен ой бар. Қашанда ойланып жүремін. Біздің Мәшекеңнің басы деген қазақтың баласының табынып келетін, сыйынып келетін, кие тұтып келетін, өзінің бақыт іздеп келетін жері болуға тиіс. Мәшһүр Жүсіптің апталықтары неге Павлодар облысында Мәшекеңнің туған елі Баянауылда ғана емес мынау күллі насихат өлеңдері барлық оқу орындарында, барлық мектеп жасындағы балалардан бастап рухани азық болуы керек.
Алты алашқа аты мәлім Мәшһүрдің тойына қолөнер шеберлері де келді. Асыл тастармен көмкерілген зергерлік бұйымдар ел назарын аудартты.
Берік Әлібай, зергер:
- Көктас, мына бирюза Майқайыңда өндіріледі. Жердің астында бар, өте құнды тастар. Түркі тасы деп тасы деп айтады мұны.
Ескелді шатқалындағы дүбірлі тойдың көрігін аламан бәйге, ақындардың ақтық сайысы қыздырды. Екі күнге созылған өнер бәйгесінде топ жарған айтыскерлер марапатталды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат