Қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің 3-ші кезеңі басталады

Қыркүйек айында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің үшінші кезеңі басталады.

Талап бұл жолы да жоғары. Кандидаттардың ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеті, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеуі бағаланады. Бұл туралы, Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтылды. Іс-шарада алдағы іріктеуге дайындық барысы баяндалды.

Мемлекеттік басқару жүйесі жас әрі дарынды мамандарды анықтап, оларды салаға тарту жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Алдыңғы кезеңдегі тәжірибе көрсеткендей, жастар арасында жобаның өзектілігі өте жоғары. Осыған байланысты іріктеуге өтінім қабылдау 1 қыркүйекте басталып, 30 қыркүйекке дейін pkrezerv.gov.kz сайтында жүргізіледі. 

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы әр кезде жастарға әлеуметтік лифт жасауды қолдап отырады. Соның ішіндегі бір жобасы біздің білім ді, өзіне сенімді, осы мемлекеттік басқарудағы қандай да бір өзгерістерді алып кетеміз, жауапкершілікті мойнымызға аламыз, халықтың әл-ауқатын көтеруге күш-жігерімізді жұмсаймыз деген жастарға қазіргі таңда мемлекет басшысы үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін жетік меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Арнайы экспорттық комиссия келеді. Ол жерде біздің қоғам белсенділері мен әр мамандық бойынша сарапшылар болады. Тағы бір ерекшелігі осы жолы біз мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын шақырып отырмыз. Өздері қатысып, бағалап, өздеріне қажетті мамандарды іріктеуі үшін.

Жалпы үшінші іріктеудің салалық ерекшелігі мынадай:

ҮШІНШІ ІРІКТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты

Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау

Сыртқы саясат және инвестициялар

Экономикалық және қаржылық саясат

Цифрландыру

Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам

ҮШІНШІ ІРІКТЕУДІҢ 6 КЕЗЕҢІ

Құжаттарды қабылдау

Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау

Ситуациялық тапсырмаларды шешу

Құзыреттерді бағалау (Assessment center және құзыреттер бойынша сұхбат)

Сарапшылық комиссияда әңгімелесу

Ұлттық комиссия отырысы

Осыдан екі жыл бұрынғы іріктеуден сәтті өткен Мирас Қарғабайға түрлі мекемеден көп ұсыныс түскен. Қазір ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің басқарма басшысы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл жобаның отаншыл жастарға берері мол.

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

- Агенттік тарапынан біз резерв мүшесі болғаннан кейін көптеген оқыту жұмыстары жүргізілді. Резервтің берген үлкен мүмкіндіктерінің бірі Қазақстан дамуына үлес қосамын деген азаматтардың бір топқа жиналып, өзара пікір алмасуы. Яғни орта қалыптасты.

Іріктеуден сәтті өткен 50 адам мемлекеттік қызметтің жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен, 3 жыл мерзімге резервке алынады. Жеңімпаздардың есімі биыл жыл соңында жарияланады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев