БҚО-да механизатор мамандары тапшы

Батыс Қазақстан облысында механизатор мамандары жетіспейді.

Далалық жұмыс қызған шақта агроқұрылым жетекшілері ауыр техниканы басқаратын маман таппай жүр. Байырғы жұмысшылардың дені зейнет жасына таяп қалған. Ал жастар ауылға келгісі келмейді, дейді шаруалар.

Есім Әбусиқов 30 жылдан бері механизатор болып еңбек етеді. Осы аралықта небір ауыл шаруашылығы техникасын тізгіндеп, әмбебап маманға айналды. Дәл қазір трактормен арпа алқабын жыртып жатыр. Аптап ыстыққа қарамастан тынбай жұмыс істейді. Оны уақытша алмастыратын өзге маман жоқ.

Есім Әбусиқов, механизатор:

- Жұмыс қиын емес, жақсы. Условия жақсы. Просто жастар келмейді. Жастар келсе, жақсы болатын еді. Біздер өзіміз үйретеміз. Комбайн болсын, кейс болсын, бәріне жүреміз. Біреу ауырып қалады, біреу үйге сұранады. Соған дайын болсын деп. Каждый месяц зарплата түсіп тұрады. 200 мың постоянно. Ал былай поляға шықсаң, уже отдельно. Гектар, анау-мынауға отдельно төлейді.

Бұл шаруашылық күнбағыс, арпа егумен айналысады. Әттеген-айы еңбек күші жетпейді. Жақын арада мұнда мал азығын дайындайтын зауыт, элеватор, мал бордақылау алаңы мен ет комбинаты салынады. Жобалар жүзеге асса, кемінде тағы 500 жұмыс орны ашылады. Соның ішінде механизаторларға сұраныс одан сайын артқалы тұр.

Амантай Мырзағалиев, кәсіпорын басшысы:

- Ауылдағы балалар қалаға кетіп, сабағын оқып, бірақ ауылға келмей тұр. «Мен 100 мыңға, 200 мыңға жұмыс істей беремін, бірақ қалада тұрамын» дейді. Түсінбейді. Қазір жұмыстың бәрі мында, жерде. Құдай қаласа, біздер комплексті бітіргенде, қойды әкелгенде, соңғы этаппен өз ауылымызды саламыз. 2 этаж коттедждер, таунхаус саламыз специалистерге, жастарға.

Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 34 ұйым бар. Соның 13-інде тракторшы-машинист мамандығы оқытылады. Мемлекет есебінен жыл сайын 100-ден астам грант бөлінеді. Студенттерге шәкіртақы, жатақхана қарастырылған. Алайда оқуын аяқтаған жас мамандардың көбі өзге саланы таңдағанды жөн көреді. 

Мирас Сапарғали, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы 5 120 адамдай білімдерін бітірді. Соның ішінде тракторист-машинист біліктілігі бойынша 125 адамдай бітірді. Соның қазіргі кезде 36-сы жұмысқа орналасты. 28,8 пайызын құрайды. Жаз айларында қабылдайды, тұрақты жұмыс емес. Сосын жастардың осы мәселесі бар орналаспауына.

Білім басқармасы осы мамандық бойынша өндіріс орындарымен байланыс орнатқан. Былтырдан бері колледждерде кәсіпорындардың сұранысына қарай және жұмысқа қабылдау кепілдігі негізінде кадрлар даярланып жатыр.

Мирас Сапарғали, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы 320 өтініш түсті. Сол бойынша 16 тракторист-машинистке. 11 өндірістік орынға. Қазіргі кезде құжаттар қабылдау жүргізіліп жатыр. Оқу орны оқытады. Бітіргеннен кейін сол өндіріс орнына жұмысқа орналасады. Сонымен қатар әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық әрі қарай жалғасуда. Соның ішінде дуалды оқыту бойынша. 26 оқу орнында дуалды оқыту жүйесі жүргізіледі.

Ақ Жайық өңірі – аграрлы аймақ. Жергілікті экономиканың да негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Ал ол салада мамандардың жетіспеуі өндіріс қуатына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан агроқұрылымдар механизаторларға қолайлы жағдай жасауға қашанда дайын екенін айтып отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов