Елімізде жол құрылысы саласына мамандар қажет

Бұған қоса елімізде жол құрылысшы мамандарына деген сұраныс тағы бар.

Айта кеткен жөн жолдарды салу, жөндеу, оны күтіп ұстау жұмыстары жыл сайын қызу жүргізіледі. Жалақысы да аз емес. Бірақ жастар бұл салаға көп бармайды. Неге? Маман даярлаудағы әлеуетіміз қандай!? Осы сауалдарға тілшіміз жауап іздеп көрген еді.

Елдос жол құрылысы мамандығын Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде тәмәмдап, қызметін қарапайым жұмысшыдан бастаған. Қазіргі таңда жол салумен айналысып жатқан компания учаскесінің басшысы.

Елдос Сатыбалды, учаске басшысы:

- Өзімнің қол астымда 30 адам жұмыс істейді. 30 адамның ішінен 4 білікті маман.

Жастардың жол саласына бара бермеуінің бірден-бір себебі жұмыстың ауырлығы. Күннің ыстығында, қыстың қақаған аязында далада жұмыс істеу керек. Сол үшін жас мамандарға еңбек жағдайын барынша қолайлы ету маңызды.

Ләззат Стамғазиева, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ ресми өкілі:

- Олардың жалақысы 1 миллионнан немесе 1.5 миллионнан жетіп немесе асып түсуі мүмкін. Бұл жерде еңбек өтілі ең маңыздысы сол болып келеді.

Бір миллион теңге жалақыны кімдер алады? Қарапайым жұмысшылардың айлығы шамамен 150-350 мың теңге аралығында. Ал арнайы ауыр техникамен жұмыс істейтін тәжірбиелі мамандар 1-1,5 миллион теңгеге дейін жалақы алады екен. Бірақ...

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Тас жолдың бойында каток, экскаватор секілді техникаларды тізгіндеу арқылы нәпақасын тапқысы келетіндер аз. Жол жөндеу жұмыстарын істеуге ниеттілердің саны азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Өкініштісі сол, білікті жол құрылысшыларының тапшылығы, жаңадан салынып жатқан жолдардың сапасына әсерін тигізуде.

Ел бойынша жол мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары көп. Дегенмен осы уақытқа дейін жол құрылысшылары мамандығы өз алдына жеке мамандық ретінде қарастырылмай келеді. Себебі оқу бағдарламасында азаматтық құрылыс секілді мамандықтармен бірігіп кеткен.

Гүлжамал Омарова, "ҚазЖолҒЗИ" АҚ оқу орталығының директоры:

- Оқу бағдарлама бойынша бөліп, көлік құрылысы деп атап бөлек грант бөлінсе біздің мектеп бітіруші түлектер келеді грантқа. Осы мамандықты ары қарай дамытсақ деген ой.

Торғын Әубәкірова, колледж оқытушысы:

- Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы мұның ішінде жол саласына барлығы кіреді. Жолдың сапасын тексеру, жолды сақтау әрқашан күтудің барлығы осы мамандықтан шығады.

Білім беру бағдарламаларындағы түйткілді мәселелер оң шешімін тапқанша, жол жөндеу жұмыстары тоқтап қалмайды. Елдос әріптестерімен бірге жұмысқа қызу кірісіп кеткен.

Елдос Сатыбалды, учаске басшысы:

- Жаңадан асфальт салған кезде 3 жыл кепіл береміз, 3 жылдан 5 жылға жол қайтадан салынуы керек болады. Біз мысалға қаланың ішінен барлығын салып келе жатқан кезде 3 жыл уақыт өтіп кетеді мынау жолымыз қайтадан тозып жатады. Қайтадан салуымыз керек болады. Жұмыс көп.

Тас жолдарымыз тегіс, сапалы болсын десек, білікті мамандардың қатарын көбейту керек.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мұрат Әріпханов, Арман Ақшабаев