«Жастарды техникалық мамандықтарға бағыттау қажет»
Техникалық мамандарға қашанда сұраныс бар.
Бұл ретте мемлекет жас қазақстандықтарға тегін білім алуына жағдай жасап отыр. Жыл сайын білім беру грантының көп бөлігі қажетті мамандарды даярлауға қарастырылған. Дегенмен еңбек нарығындағы жағдай әзірге өзгерген жоқ.
Бұл – Ақмола облысы, Бозайғыр ауылында орналасқан гранит өндірісі. 40 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпорынға маман жетпейді. Қондырғылардың үздіксіз жұмысын қадағалап, бұзылып қалғанда жөндейтін білгір жоқ. Ондай маманды өндіріс ошағы сырттан алдыру үшін қырауар қаржысын шығындайды. Өйтпеске лажы жоқ. Өндіріс тоқтаса, тапсырыс уақытылы орындалмай, тақырға отыратын жайы бар.
Мәкен Тұрашев, гранит өнімдерін өндіретін зауыт менеджері:
- Мастер ЧПУ-лар жетіспей жатыр. Киповецтер жетіспей жатыр, сондай мамандар. Бірақ киповецтар мысалы тек қана бізде емес, бүкіл Астанаға. Барлығы Астанада 3-5 специалис киповецтар. Соны бір сынып қалса, авария болып қалса, бір ай, бір апта күтеміз.
Осы ретте екі қолға күрек таба алмай, жалданып қара жұмыс істейтіндердің қарасы азаяр емес. Кейбірі бір күндік жұмыс іздеп, базар маңын торауылдайды. Серік атты 22 жастағы мына жігіт те күнделікті ақша үшін кез-келген жұмысқа кірісуге бар.
Серік, қара жұмысшы:
- Үйде мама да бірге тұрады. Маманы асырайм. Екі қарындас бар. Әкем бар. Үйде мен үлкен. Мамаға көмектесем ақша. Мамаға берем ақша, кешке келем, ақша берем. Кредит бар, менде емес, мамада.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр орта кәсіптік колледж не училищені бітірген 146 мың 500 түлектің 63 пайызы жұмысқа орналасқан. 12 пайызы оқуын жалғастырды.
Серік сияқты орта кәсіптік білімі бар жұмысқа орналаспағандары 25 пайызды құрап отыр. Өкініштісі сол, тегін білім алғанымен кей колледж түлектері мамандық бойынша жұмыс істеуге тіптен құлықсыз.
Талғат Төремұратов, білім саласының сарапшысы:
- Студенттер колледжде тегін білім алуы үшін мемлекет милиардтаған қаржы бөледі. Мәселен, үш жыл дәнекерлеушінің оқуын оқыған адам кейін мамандық бойынша жұмыс істемей қояды. Сөйтіп бюджет ақшасы желге ұшады. Дұрысы -колледжге түскен баланы қандай да бір кәсіпорынға бірден бағыттап, сол компанияның корпоративтік рухымен тәрбиелеу керек. Дуалды оқыту бағдарламасы да осы ретте тиімділігін көрсетуі тиіс. Яғни оқыту бағдарламасының әр минуты іс-тәжірибе мен теорияға толы болы керек.
Орта кәсіптік колледждер биыл 130 мың студентті тегін оқуға қабылдайды. Оған қоса, оқу-ағарту министрлігі оқыту процесіне кәсіпорындардан білікті шеберлерді тартуды көздейді.
Ақзира Қасымова, Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:
- Оның ішінде бізде кәсіпорындардан келген мамандар үшін 5 жыл болатын болса стажы 30 пайыз, 10 жыл болса ол кезде 35 пайыз үстемақы қосылатын болады.
Еңбек нарығындағы сұранысты азайту мақсатында жоғары білім мен ғылым министрлігі де биыл грант санын ұлғайтып отыр. Атап айтқанда, геология, өндіруші өнеркәсіп, энергетика және құрылыс саласына бөлінген грант саны 60 пайызға артты.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Наурызбай Құрманғазы, Диас Қобланбаев