ІІМ Қарағанды академиясына енді емтихансыз түсуге болады
Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына енді емтихансыз түсуге болады.
Биылдан бастап оқуға қабылдау ережелері өзгерді. Яғни, мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған және бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде 100 баллдан жоғары жинаған талапкерлер дене дайындығы бойынша норматив тапсырмайды. Мұндай жеңілдікті қанша түлек пайдаланды.
Бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде жоғары балл жинап, өз ынта-жігерімен оқуға түскен санаулы курсанттың бірі - Қайрат Қанатов. Ол Ұлытау облысының Жаңарқа ауданынан келген. Қазақша күрес, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер. Оқу-жаттығу лагеріндегі ең ұзын жігіт. Бойы 194 сантиметр, ал салмағы 75 келі. «Бірақ бұл ерекшелігі ел қатарлы жаттығуға еш кедергі емес», - дейді ұстаздары.
Қайрат Қанатов, академия курсанты:
- Мен бұл оқуға келген себебім өзімнің бала кездегі арманым. ЕНТ-дан 104 балл алдым. Барынша талпындым осы оқуға келу үшін. Бұл мамандықтың болашағы бар. Тергеуші боламын Алла қаласа оқуды аман-есен бітірсем.
Биыл жаңадан енгізілген ережеге сәйкес, 4 «Алтын белгі» иегері және 100-ден жоғары балл жинаған 17 талапкер академияға емтихансыз қабылданып, курсант атанды. Ал әуел баста оқуға түсуге барлығы 550 адам өтініш берген. Солардың ішінен 250 қыз-жігіт іріктеліп алынып, бір айға оқу-жаттығу лагеріне жіберілді.
Бақытбек Тәуекел, курс басшысы:
- Тамыздың 31-не дейін осында болады оқу далалық лагерінде. Осындай условияда дайындалады. Щитпен дайындалады, жүгіреді, саптық, строевойға дайындалады. Үйретіп жатырмыз, қадағалап жатырмыз. Кішкене қиналып та жатыр балалар.
Оқу-жаттығу аяқталған соң курсанттардың барлығы 40 шақырым қашықтықта орналасқан Академияға дейін жүгіріп баруы тиіс. Сол белесті бағындыру үшін олар күніне бірнеше сағат дайындалады. Ал қыркүйектен бастап сабақ басталады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар