Баянауылда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған жиын өтті

Баянауылда ойшыл, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған жиын өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мәшһүр жол» аудио кітабы, «Таңдамалы шығармалар жинағы» 10 томдығының тұсаукесер рәсімі болды. Ақын рухына арнап ас беріліп, айтыс ұйымдастырылды. «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы артынан өшпес мұра қалдырды. Олар әлі де болса жинақталып жатыр. Оның ішінде қазақтың мың жылдық тарихы жатыр», - дейді ғалымдар. Жиында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы мен Қазақ хандығына қатысты еңбегін ерекше атады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал адам концепциясы ойшылдың адамдық, кемелдік туралы идеяларымен астасатынын да атап өтті.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі», – деп атап көрсеткен еді. Сонау ілкі ғасырлардан бастау алған «кемел адам» ілімі мен «толық адам» ілімі мен ұлттың болмысын қалыптастыратын осы ұлттық қасиеттердің асыл арқауын жалғаған бірегей абыздарымыздың бірі Мәшекең деп санаймыз.