Жамбыл облысындағы 77 гектар жер жайылымға берілді

Жамбыл облысында 3 ауылдың жайылымдық проблемасы шешілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байзақ ауданына қарасты Сеңкібай ауылы маңындағы 77 гектар жер халық иігілігіне берілді. Бұл алқап 5 жыл бұрын жекенің меншігіне өтіп кеткен. Жайылым тапшылығынан жұрт мал басын азайтуға мәжбүр болған еді. Халықтың негізгі жан бағысы – егін мен мал шаруашылығы. Тұрғындар жайылымдық жердің тарылғанын айтып, біраздан бері шағымданып жүрген. Мәселе биыл «Жер аманаты» комиссиясының отырысында көтерілді. Кездесу нәтижесінде Мырзатай ауылдық округіне қарасты 3 ауылға ортақ жер халыққа берілді.

Әуезхан Бәйгелов, Сеңкібай ауылының тұрғыны:

- Жоқтың қасы жайылым. Тағы да болса ауылда жылқыларды төмен жайылымға жіберіп, жаңағы Көделіге шығарып жібереді. Қалған сиырдың өзін қазір екі есе қысқарып кетті. 3 мыңдай қой шығады жалпы бәрін есептегенде. Ірі қарасы бір 60-70 қана. Әйтпесе, әр үйден 2 сиырдан, 3 сиырдан шығатын. 150-200-ге дейін сиыр шығатын.

Индира Спаналиева, «АМАНАТ» партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы:

- 3 жақты меморандумға тұрдық. Және де болашақта ол кісі басқа жақтан жер табылса, сол жақтың жерін қабылдауға өзінің келісімін берді. Жалпы ауылдың жынындағы 77 гектар жер мал жайылымына берілді. Қазіргі таңда барлық ауылдың шынын айтқанда аманатын орындап, халық қазір жайылымды емін-еркін пайдаланып отыр.