Алматыда қызылша ауруы өршіп тұр

Эпидемиолог мамандар жағдайды тұрақсыз деп бағалады.

Биыл наурыз айынан бері мегаполисте 1127 адамнан қызылша ауруы анықталған. Олардың 90 процентке жуығы 14 жасқа дейінгі балалар. "Ауа арқылы тез тарайтын жұқпалы аурудың бұлай өршуіне эпидемиологиялық ахуалы нашар мемлекеттерден келгендер себеп болып отыр", - дейді мамандар. Ауруды, бірінші кезекте иммунитеті төзімсіз тұрғындар жұқтыруда.

Айта кету керек, инфекция жұқтырған науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған. «Профилактикалық вакцина аурудан сақтанудың ең тиімді жолы», - дейді мамандар. Ауру белгілері байқалған сәтте, асқындырмай бірден дәрігерге жүгінген жөн.

Алмаш Ахметова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

-Негізінде қызылша өте жұқпалы ауру болып саналады. Ол өзінің асқынуларымен қауіпті деп айту керек. Қызылшамен ауырғаннан кейін ауыр түрде өтсе, оның асқынуларының бірі орта құлақ отит дейміз, асқынуы мүмкін. Одан кейін тыныс жолдары, трахеит, бронхит, өкпенің қабынуы пневмония түрінде болуы мүмкін. Ең ауыр түрлері соқырлыққа да әкелуі мүмкін, мидың қабынуына әкелуі мүмкін.