Қостанай облысындағы мектептерге жапсарлас ғимарат салынады

Қостанай облысы алдағы 1-2 жылда бала саны шектен көп қалалық мектептер мәселесін шешпек.

Осы мақсатта өңірде 2000 орындық үш білім ордасы салынып жатыр. Одан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде сегіз типтік ғимараттың құрылысы басталады. Әрине бұл қымбатқа түседі әрі ұзақ мерзімді бастама. Сондықтан оқушылардың орын жетіспеушілік мәселесін шешу үшін мектептерге жапсарлас ғимарат салу жайы қарастырылып жатыр. Облыс орталығында және Тобыл қаласында осындай әдіс қолданылуы мүмкін. Жаңа оқу жылы алдындағы тағы бір мәселе ұстаздардың аздығы. Әсіресе ауылды жерлерде информатика, математика, ағылшын тілі мұғалімдері жеткіліксіз.

Айман Ыбыраева, Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы:

- Қазіргі кезде облыс бойынша 119 педагог жетіспейді. Оның 28-і қала мектептеріне, 91 ауылдық жерлерге қажет. Мұғалімдер тапшылығы Әулиекөл, Қамысты ауданында,Арқалық, Лисаков қаласында байқалып отыр. Біз бүгін 213 педагогты қабылдадық. Қазір конкурстық іріктеу жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін кадр мәселесін толық шешеміз деп ойлаймын.