Астанада көмір жағатын 300-ге жуық үйге дабыл қондырғысы орнатылады
Қатер жайлы белгі беретін құрылғы.
Астанада жыл сайын көмір жағатын 300-ге жуық үйге дабыл қондырғысы орнатылады. Күн суыта бастаған тұста қалалық төтенше жағдайлар басқармасы осындай құрылғыларды іске қосуға кірісті. Биыл әзірге әлеуметтік осал топқа жататын 200 отбасыдан өтініш түскен.
Үміт Ғазизқызы – көп балалы ана. Пеш бықсыса, үйдегілерге иіс тиетінін жақсы біледі. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ол қалалық әкімдікке жүгініп, арнайы құрылғы орнатуға өтініш берген еді. Бүгін сол өтініші орындалды.
Құрылғының жұмысымен таныстырған соң, төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері оны пеш маңына жақын тұсқа бекітеді. Дыбыстық белгі беретін аппаратты пайдалану қиын емес.
Үміт Ғазизқызы, көпбалалы ана:
- Мына жерін басқан кезде шиқылдамаса онда мына батареясы істен кетті деген сөз деді жаңа. Соны ауыстырып отырамыз батареясын. Үшеуі бар екен сол үшеуін.
Мамандар дыбыс датчигін орнатқан соң, сіріңке жағып сынамақ болды. Бірақ ақылды құрылғы одан келер қауіп жоғын білді ме, міз бақпады. Бұдан бөлек, төтенше жағдай қызметінің мамандары пешті тексеріп, қолданысына қатысты ескерту жасайды.
Сағынтай Қадырбеков, ТЖД басқармасының Алматы ауданы бойынша инженері:
- Мынау жерде жарық тұр. осы жарықтарды жабу керек. Себебі мына жерден улы газдар шығып үйге кіріп кетуі мүмкін. Үш айда бір рет пеш құбырын тазалап тұру керек. Сонымен қатар айта кету керек, мына жерде пештің алдында металл қаңылтырын қою керек.
Биылғы пеш жағу маусымында жеке тұрған 110 үйден өрт шықты. Дегенмен, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 23 пайызға кеміген. «Былтырғы өрттің бірінде, дыбыстық құрылғының көмегімен бүтіндей бір отбасы аман қалды», - дейді төтенше жағдай қызметінің мамандары.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев