Қарағанды облысының Саран қаласында инновациялық парк ашылады
Қарағанды облысының Саран қаласындағы индустриалды аймақта Әлихан Бөкейханов атындағы алғашқы инновациялық парк ашылады.
Бұл осындағы үш бірдей ірі кәсіпорын мен екі жоғары оқу орнының бірлескен жобасы. Қазір нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келешекте өндіріске қажетті нағыз білікті мамандар дәл осы жерде даярланады.
Соңғы жылдары елімізде ғылым мен өндірістің арасы алшақтап кеткені рас. Мәселен, отандық кәсіпорындарға қандай да бір техникалық шешімдер қажет делік. Ол тапсырысты орындауға жергілікті ғалымдардың әлеуеті жетеді, әрине. Тек екіжақты байланыс үзілген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қарағанды өңірінде ірі жоба қолға алынды. Саран қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан үш бірдей кәсіпорын мен екі жоғарғы оқу орыны бірлесіп инновациялық парк ашпақшы. Онда болашақ инженерлер білім алады, біліктілігін шыңдайды.
Айгүл Ахметова, жоба жетекшісі:
- Үшінші, төртінші курстан бастап жұмыс істей бастайды. Яғни, бұрыңғыдай біз 4 жыл күтпейміз. Болашақ инженерлер біздің бүгінгі қажеттілікке қарай диплом жұмысын жазады. Яғни, ол мамандық ала отырып, жұмысқа кіре отырып, өзінің диплом жұмысында жазған технологияны және жаңашылдығын осы өндіріске енгізеді. Бұл енді Қазақстан бойынша бірінші кейс деп айтсам болады.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, келешекте бұл алаң нағыз білім мен ғылымның қайнаған орталығына айналмақ. Студенттер күн сайын өзгеріп жатқан технология көшінен қалмау үшін теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып отырады. Ал қос университет үш зауыттың сұранысына сай жаңа оқу бағдарламасын енгізуге дайын.
Талғат Жүнісқалиев, Қарағанды Индустриалды университетінің департамент директоры:
- Бізде арнайы көлік, танспорт кафедрасы бар, сонда технологиялық машиналар мамандығы бар. Осы кафедраның негізінде осы кәсіпорынға ыңғайланған жаңа білім бағдарламасы ашылады. Жаңа білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты ол осы кәсіпорында шығатын өндіріс өнімдеріне біздің беретін пәндеріміздің бірізділігін келтіру.
Қазір индустриалды аймақтағы үш кәсіпорынға жаңа бағытта жұмыс істей алатын 177 инженер қажет. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілмек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар