Қызылорда облысында тарихи нысандар қайта жаңғыртылады
Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштер қайта жаңғыртылады.
Алдымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жалпы-ұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген киелі орындар қалпына келтіріле бастайды. Соның бірі, Марал ишан мазары. Кенесары ханның кеңесшісі, әрі халықтың діни ағартушысы болған Марал бабаның 19-ғасырда салынған кесенесі күрделі жөндеуден өткізіліп, көлік жүретін тас жол салынады. Сондай-ақ күллі түркінің абызы атанған «Қорқыт ата» құрметіне салынған ескерткіш кешеннің айналасы да абаттана түседі.
Қуаныш Жанұзақов, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Аймақта 561 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Оның 31-і республикалық маңыздағы, 256-сы жергілікті маңыздағы және қалғандары алдын-ала тізімге алынған. Енді табиғаттың, ауа-райының қолайсыздығынан кесенелердің тозу жағдайлары орын алады. Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда мәдени мұрамызды жан-жақты насихаттау туралы міндеттеме жүктеді. Соған сәйкес аймақ басшысының бастамасымен, кәсіпкерлердің қолдауымен кесенелердің жоба-сметалық құжаттары дайын болғаннан кейін, ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатын болады.