Ұлытау облысында халықтың құқықтық сауаты артып келеді
Ұлытау облысында азаматтардың құқықтық сауатын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік орган өкілдері тұрғындарға өз құқықтарын қалай қорғау керектігін үйретіп, көкейкесті сауалдарына жауап беруде.
Биыл жыл басынан бері облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың үш жүзге жуық дерегі тіркелді. Өкініштісі сол, бұл статистика азаймай тұр. Сондықтан құқық қорғау органдары балалар мен әйелдерді қорғау және оңалту шараларын күшейтуді көздеп отыр. Осы және басқа да мәселелер облыс орталығында өткен сарапшылар басқосуында әңгіме арқауы болды. Жиналғандар елдегі конституциялық реформалардың жүзеге асу барысын талқылап, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа бетбұрыстарды сөз етті.
Дархан Мұхан, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:
- Балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, онымен күрес жүргізу жөнінде де бізде кешенді шаралар қабылданып жатыр. Оның барлығы осы конституциялық реформалардан бастау алады.
Ұлытау облысында «Бизнеске жол» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кәсіпкерлерге конституциялық құқықтары мен мүдделерін қалай қорғау қажеттігін түсіндірді. Бүгінгі таңда құзырлы орган өкілдеріне жүгінген жүз елуден астам азаматтың құқығы қорғалды.
Арлен Уандықов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті превенция басқармасының басшысы:
- Агенттік осы айдың басында халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасын іске қосты. Осылайша, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру және барлық нысаналы топтардың азаматтарын біз жүргізіп жатқан жұмысқа тартуды мақсат еттік.
Жақында аймақта адам құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істей бастады. Ол халыққа түсіндіру шараларын жүргізеді. Бір айда оған жиырмаға жуық адам жүгінген. Негізінен олар еңбек заңнамасына қатысты сұрақтармен келген екен. Азаматтардың қызығушылығының көп болуына байланысты комиссар екі күн сайын еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде кездесіп тұрады.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева