Таразда аяғымен кесте тігетін кәсіпкер көпке үлгі
Таразда екі қолы болмаса да, аяғымен кесте тігетін кәсіпкер әйел бар.
Анар Бексұлтан табысты ісін 10 жыл бұрын бастаған. Қазір цех ашып, алты адамды жұмыспен қамтып отыр.
Анар Бексұлтанның туа біткеннен екі қолы жоқ. Бірақ бұл оның кішкентай кезінен аңсаған арманына жетуіне кедергі болмады. Шебер тігіншілік өнерін 35 жасында меңгерді. Бастапқыда көрші-қолаң мен туыс-танысқа тапсырыспен тігіп жүрді. Кейін кәсіп ашып, алғашқы жылдың өзінде-ақ қызметіне бес адам жүгініпті. Ал қазір жылына 100-ге жуық қыз жасауын тігеді.
Анар Бексұлтан, кәсіпкер:
- 2014 жылы ақшаның құнсыздануы, доллардың бірден өсіп кетті ғой. Көтеріліп кетті. Сол кезде Біраз адамдар бизнесін жоғалтып та алды ғой. Сол кезде қалай да бұны ұстап қалу мақсат болды. Ұстап қалдық. Аллаға шүкір әйтеуір тәй-тәй басқандай қайтадан көшке ілесіп кеттік. Одан кейін мынау келген пандемия. Үйден шықпай осы жерде отырып құрағымызды құрап, онлайн саудаға көштік та расымен де сол онлайн сауданы біз жақсы меңгеріп алдық.
Кәсіпкер екі рет мемлекеттік грантқа ие болып, шеберханасын кеңейтті. Көмек қаржыға 10-ға тарта тігін машинасын алды. Заманауи құрылғылар арқасында жұмысы едәуір жеңілдегенін айтады.
Анар Бексұлтан, кәсіпкер:
- Бұрынғы кезде көрпе қабу сәл қиындау еді. Бір көрпе қабуға 3 сағат уақыт кететін. Осы жерде отырып белдері қайысады. Білесіздер ғой қолмен қабу жамбастап отырып істейтін тірлік. Ал енді мынау қазір мына машинамыз өте жұмысымызды жеңілдетті. Бұл бір 7 минутта 10 минутта осылай тігіліп шығады. 340 суреті бар. Өзінің суретін таңдап, қазір көріп тұрғаныңыздай 290-суретті салып жатыр.
Қолөнерші 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қолсыз-ақ кәсібін дөңгелетіп отырған келіншек көпке үлгі.
Шайзада Бексұлтанова, қала тұрғыны:
- Бұл ою-өрнек құрақ құрау осы қолөнер деген нәрсе адамды сондай бір тыныштандырады. Демалдырады. Енді әпкемнің қасында маған үйретеді басқа қылады, қасыңда жүреді мотивация бізге былайша келгенде. Көп нәрсені үйренеміз. Осы құрақтарды жасап жатырмыз, жасауды жібереміз. Бір топатама, яғни бір қыздың жасауын 3 күнде жасап шығарамыз.
Анар Бексұлтан қолөнермен қатар «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігін құрды. Соның аясында мүмкіндігі шектеулі 40-қа жуық қыз-келіншекті кәсіпке баулып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә