Президент Азамат Сатыбалдыны қабылдады

Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысы «Қазақфильм» АҚ төрағасы Азамат Сатыбалдыны да қабылдады.

Кездесуде отандық кинематографияны және жалпы мәдениет саласын дамыту мәселелері талқыланды. Азамат Сатыбалды Президентке «Қазақфильм» қызметіндегі түйткілді мәселелер туралы баяндап, киностудияның статусын көтеруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби киногерлермен қатар, ұлттық интеллигенция, азаматтық қоғам өкілдерінің, аға буын мен жастардың шығармашылық әлеуетін жұмылдыра отырып, саланың қордаланған проблемаларын кешенді әрі дәйекті түрде шешу керектігін айтты. Тағы кино өндірісін креативті индустрияның жеке секторы ретінде қарастыру маңызды екеніне тоқталды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы отандық кинематографияны одан әрі дамыту мәселесі айрықша бақылауда болатынын айтты.

Азамат Сатыбалды, "Қазақфильм" АҚ төрағасы:

- Қазақфильмнің өзінің бұрынғы статусы арнайы өзіне қайтарылатын болды және де болашақта көптеген тапсырмалар берілді. Ол Қазақфильмді жаңа белеске шығару және де идеологияға қызмет жасай отыра тарихи мәнді-мағыналы, елдің рухын көтеретін киноларды түсіру.