Петропавлда оқу грантының саны артты
Еліміздің әр өңірінен жиналған мың студент Петропавлда тегін білім алады.
Қаладағы жалғыз жоғары оқу ордасына мемлекеттен арнайы мың грант бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Түлектердің тең жартысы халықаралық дәрежедегі диплом алады. Себебі Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Қозыбаев атындағы университет пен АҚШ-тың Аризона университеттері арасында әріптестік орнады. Қос диплом бағдарламасы да жүзеге асуда. Қазір арнайы комиссия жастардың өтінішін қабылдап жатыр. Жауаптылардың айтуынша гранттың көп бөлінуі өңірде болашақта кадр мәселесін шешуге сеп болады. Мәселен былтырғы жылы оңтүстіктен келіп, арнайы квотамен оқып диплом алған 326 азаматтың 273-і солтүстікте жұмысқа орналасқан.
Гүлмира Оспанова, Қабылдау департаментінің директоры:
- Мемлекеттік грантпа оқыған жастар кем дегенде біздің өңірде үш жыл еңбек етуі керек. Сондықтан болашақта біз облыста кадр тапшылығын жоямыз деген ойдамын. Одан қалды жас мамандарға ауылды жерлерге де баруға жағдай қарастырылған. Ол үшін тіпті көтермеақы төленеді.