Елордада мектепке дайындық жәрмеңкесі өтіп жатыр
Отандық кәсіпкерлер оқуға қажетті тауарларды қолжетімді бағада сатылымға шығарды.
Оның ішінде мектеп формасы, кітаптар тағы басқа керек заттардың барлығы бар. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді.
EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында концерттік бағдарламамен басталған жәрмеңке биыл екінші рет өтіп жатыр. Ата-аналар балаларын жаңа оқу жылына дайындап қана қоймай, мерекелік көңіл-күйді сезініп, түрлі қойылымдардың куәсі болуда. Келген бүлдіршіндер анимациялық мультфильм кейіпкерлерін көріп, уақыттарын көңілді өткізді.
Сансызбай Жолдасбаев, "Qazexpocongress" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Жаңа оқу жылы қарсаңында, балаларды мектепке дайындау әрбір ата-ананың өміріндегі маңызды сәттердің бірі. Өкінішке қарай, барлық жаняұлардың бұған мүмкіндігі жете бермейді. Көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында бүгінгі жәрмеңкеге кәсіпкерлерді шақырдық. Қайырымдылық шарасына атсалысып жатқан барлық іскер азаматтарға алғысымды жеткізгім келеді!
Бүгінгі жәрмеңкеге кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру, ойын-сауық индустриясы секілді салаларды қамтитын 60-қа жуық компания өкілдері қатысуда. Отандық кәсіпкерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созды. 16 балаға мектепке керекті заттар салынған сөмкелерді тегін таратты. Балалардың қуанышында шек жоқ. Көпке үлгі көрсетіп жатқан іскер азаматтар игі істі дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.
Салтанат Имашева, кәсіпкер:
- Қазіргі таңда әр адамның әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Сондықтан, біз көпбалалы аналарды қолдаймыз, соларға көмек көрсетеміз. Мектеп жарақтарын жинап бердік кәсіпкер ретінде қолдап.
Жәрмеңке 20 тамызға дейін жалғасады. Таңертеңгі 10:00-нан, кешкі 07:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтарына есігі айқара ашық. Бір ғана жерге келіп, балаңызды мектепке толығымен дайындауға болады.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Артур Горшняков