Tiger Films ұсынған «Менің үйім қайда?» толықметражды фильмі көрерменге жол тартты

Tiger Films продюсерлік компаниясының жаңа отбасылық комедиясы жарыққа шықты.

«Менің үйім қайда?» толықметражды фильмі баспана сатып аламын деп алаяқтарға алданған жандардың өмірін суреттейді. Жаңа картинаның алғашқы көрсетілімі Алматыдағы KINOPLEXX 7 кинотеатрында өтті.

Алматылық профессор Жеңіс Альфредұлы ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинаған ақшасына армандап жүрген үйін сатып алады. Алайда, жаңа баспанаға отбасымен бірге көшіп келген оның бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. Себебі, алаяқтар жалған құжат жасап, зәулім баспананы тағы екі отбасыға сатып жіберген.

Қажет Смағұл, актер:

- Үшеуі бір үйде тұруға мәжбүр болады. Бір бірін көре алмайды. Одан кейін достық болады, одан кейін туыстай болып кетеді. Сондай туыстық жайлы, достық жайлы бұл фильм. Содан кейін алаяқтардан абай болу керек екені, өзінің құқығын білу керек екені  жайлы соны көрсетеді бұл кино.

Фильмге түсуге күлкінің көрігін қыздырып жүрген кіл мықты актерлар шақырылыпты. Олардың қатарында Жан Байжанбаев, Динара Әбікеева, Қажет Смағұлов, Руслан Тай, Жұлдыз Өмірғали  бар. Фильмнің режиссері — Мақсат Оспанов. Картинаның тұсаукесеріне жиналған көрермен актерлермен сұқбаттасып, суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

Лаура Мырзахметова, актриса:

- Кастинг арқылы өтіп келдім. Басында қорықтым. Қанша дегенмен комедия ғой, комедиядағы бірінші ролім болғаннан кейін де, шешінген судан тайынбас дейді ғой, не болса да белді буып кірістік.

Зәулім үйдің заңды иесі кім? Алаяқтар ұстала ма? Баспана кімге бұйырады? Бұл сұрақтардың жауабын күлдіре отырып ойландыратын «Менің үйім қайда?» фильмінен таба аласыз. Жаңа туындыны Kinopark-Kinoplexx  кинотеатрлар желісінен тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов