Кеншілердің қазасына кінәлілер жазаланады
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахтасында болған апатқа кінәлілердің барлығы жазаланады.
Атап айтқанда, компанияның топ менеджменті жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қаза тапқан шахтерлердің отбасымен кездесуінде айтты. Ол кеншілердің жақындарына көңіл айтып, апаттың ау-жайын егжей-тегжейлі анықтайтын арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ қайғылы оқиға қайталанып отыр. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық.
Кездесу барысында қаза тапқандардың отбасына қажетті қолдау көрсетілетіні мәлім болды. Дәлірек айтсақ, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған. Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, жерлеу рәсімі мен еске алу шарасының шығындарын төлейді. Баспанасы болмаса пәтер беріледі, сондай-ақ балалары жоғары оқу орнында тегін оқытылады. Компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастырып, ипотекалық несиелерін өтеуге міндетті. Одан бөлек, Премьер-Министр зардап шеккен кеншілермен кездесіп, кәсіпорын орташа еңбекақының 100% мөлшерінде төлем жүргізетінін айтты. Сондай-ақ, дәрілік заттар мен санаторий-курорттық ем және моральдық зиян өтелетіні айтылды. Қазір «АрселорМиттал Теміртауға» халықаралық компаниялар экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудитін жүргізуде. Олар қыркүйек айында аяқталады, нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, Әлихан Смайылов шахтерлерге 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
Қаза тапқан кеншілердің отбасына көмек көрсетіледі
Республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы;
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем;
Кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде біржолғы өтемақы;
Жерлеу рәсімі мен еске алу шарасының өткізу шығындары;
Баспанасы болмаған жағдайда Қарағанды облысынан пәтер беріледі;
Балалары жоғары оқу орнында тегін оқиды;
Компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастырып, ипотекалық несиелерін өтейді.