Талдықорғанда жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салынып жатыр
Білім ордасының құрылысына 3,6 млрд теңге жұмсалады.
Соның жартысы мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Білім беру инфроқұрылымын қолдау» қорынан бөлінді. 1200 балаға арналған ғимарат құрылысы қашан аяқталады?
Ынтымақ ықшам ауданының халқы құрылыс жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана тосып жүр. Себебі төрт жарым мың адам тұратын елдімекенде мектеп жоқ. Сондықтан оқушылар екі,үш шақырым жердегі қалаға қатынап оқиды.
Шолпан Еңсебаева, Ынтымақ ықшам ауданының тұрғыны:
- Мына мектеп бітсе балаларды тасымалдау жеңіл болады. Зарядан шыққаны кіргені қиын. Сондықтан мектептің біткенін көп ата ана күтіп отыр.
Көпшіліктің көкейкесті проблемасын шешешін жоба 2021 жылы басталды. Содан бері мердігер мекеме бекітілген жұмыстың 90 процентін аяқтаған. Құрылыс алаңында қазір де 150 шақты адам еңбек етіп жатыр.
Талғат Кәрібжанов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Қазір есіктерін күтіп отырмыз. Есіктерін салғананнан кейін бояу жұмыстарын жүргіземіз. Сыртқы жұмыстарының асфальты салынып тұр. Екінші қабатын саламыз. Чернозем төгіп қойдық енді шөп егу қалды. Гүлдерді отырғызып қойдық.
Жоспар бойынша нысан қазан айының соңында ел игілігіне беріледі. Сол кезде Ынтымақ, Жастар және Үшінші бөлімше деп аталатын ықшам ауданындағы оқушылар жақын әрі жаңа мектепте оқитын болады.
Бауыржан Орманов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Нысанның шарт бойынша құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде білім беру ұйымдарының инфроқұрылымын қолдау қорынан 1,8 млрд теңге бөлінген. Қалған 1,8 млрд теңгесі бюджетен бөлінген. Қазір жұмыс графикке сай жүргізілуде.
Жетісу облысында биыл 11 мектеп салынып, үшеуі сәуір айында пайдалануға берілді. Тағы екеуі бірінші қыркүйекте оқушыларды қабылдайтын болады. Қалған ғимараттардың құрылысы келесі жылы аяқталады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев