Ақтөбе облысында туризм саласы тұралап тұр
Жыл басынан бері Ақтөбе облысына 60 мыңнан астам турист тоқтаған.
Өңірдің соңғы жылдары саяхатшылар үшін тартымды болғанын мамандар мойындап отыр. Алайда бұл салада кенже қалған аудандар да бар. Мәселен еліміздегі ең ірі табиғи резерват орналасқан Ырғыз ауданына жаз басталғалы 500-ге жуық турист қана ат басын бұрыпты.
Ырғыз-Торғай табиғи резерватының ауданы миллион жарым гектарға жуық. Табиғаты тамылжыған даласында ақбөкендерден бастап 30-ға жуық сүтқоректі, қызыл кітапқа енген құстың 32 түрі мекендейді. Сирек кездесетін жан-жануарлардың басым көпшілігі Ырғыз ауданы маңында. Аққу, қоқиқаз, дуадақ, безгелдек пен бірқаназдарды топ тобымен кездестіруге болады. Резерват мамандары табиғи сұлулықты сақтай отырып, экотуризмді де дамытуға дайын. Бұл қосымша табыс көзі де. Сондықтан ерекше қорғалатын аумақта бірнеше тұрақты бағыт әзірленген. Алайда жаз басталғалы тек 500-ге жуық турист бас сұғыпты.
Шынар Ақашева «Ырғыз-Торғай» табиғи резерватының бас маманы:
- 2010-жылы Малайдарда 2 топ қана қабылдай алатын болсақ аптасына, одан кейін Торғай-Нұрада көбейді. Сосын біз 4 топ қабылдадық. Ал Шалқар-Тебизде 6 топ 6 адамнан деп табиғи жүктемені ғылыми мамандармен арнайы отырып талқылап, солай қабылдадық. Аптасына алты топ қабылдай аламыз басқа топтарды есептемегенде. Бағалары да қолжетімді. Мысалы жатын-қаптар 199 теңге, қайықтар 600 теңге, адам басына бір күнге 1 276 теңге.
Бұл туристтік бағыттардың барлығы Ырғыздан басталады. Бірақ Ақтөбеден аудан орталығына дейінгі жолдың өзі 434 шақырым. Сапасы сын көтермейді. Сондықтан
Әділхан Нұғманов, туристік компания өкілі:
- Туризммен мықты айналысатын адамдар бізден сұрайды Ырғыз ауданын. Тіпті бізде болған бір сұраныстар Испаниядан келіп сұраған жігіттер болған. Ырғызға барып, резерватқа барып жатып бір жетідей, 250 шақты құстар бар дайді. Соны барып зерттесек деп ұсыныстар айтқан болатын. Біз жол мәселесін айтқаннан кейін, жағдай жасалмағаны жайлы айтқаннан кейін олар өздері ойланып қалды.
Табиғи резерваттан бөлек Ырғыз ауданында таңдай қағып, тамсана тамашалайтын тұстар аз емес. Миллиондаған жыл бұрын құлаған метеориттің орны – Жаманшың кратері, тарихи-сәулет өнері ескерткіштерімен де танымал. Алайда өзге аудандармен салыстырғанда туристтер айтарлықтай аз тоқтайды. Сондықтан облыстық әкімдіктегі жауапты мамандар қосымша ақпараттық бағдарлама даярлаған.
Әуез Арызғұлов, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің басшысы:
- Роуд-шоу өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл Қазақстанның барлық қалаларында, алыс-жақын шетелде өтеді. Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы танымалдығын ескеріп, шығыстағы көршілес елді, Ресей мен Өзбекстанды қамтимыз.
Биыл Ақтөбе облысында эко-туризмді дамытуға деп 7 кемпинг аумағы ұйымдастырылады. Яғни шатыр мен орындықтар, қоқыс жәшігі жол бойына қойылады. Ал түрлі блогерлер мен БАҚ өкілдерін, кәсіпкерлерді жиып туристтік бағыттарды көрсету үшін бюджеттен 15 млн теңге қаржы бөлінген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков