Леңгірді жарықпен қамтуға қауқарлы қосалқы станция салынып жатыр
Түркістан облысында қосалқы станция салынып жатыр.
Нысан Төле би ауданының орталығы Леңгір қаласындағы төрт шағын ауданды сапалы электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Жаңа станция құрылысы қашан аяқталады?
Жылдан-жылға Ленгір қаласының аумағы кеңейіп, шағын аудандарда тұрғын үйлердің саны артып келеді. Сондықтан өткен жылы тұрғындарының сұранысына сай, электр жүйесінің қуаттылығын арттыру мақсатында Алатау мөлтек ауданында қосалқы станцияның құрылысы басталды. Жергілікті тұрғындар энергия көзіне деген тапшылық анық байқалатынын айтады.
Жұмабек Үсетаев, Алату елді мекенінің тұрғыны:
- 220 В болса, 70 В дейін түсіп кетеді. Сенесіздер ме? Сондай зардабын көріп жатырмыз. Енді қырқына шыдап, қырық біріне шыдаймыз ғой деп келе жатырмыз. Мына бағаналарды қоғанына қуанып отырмыз. Осы биылғы күзге бітіріп берсе, халықтың игілігіне.
Леңгір қаласында соңғы 15 жылда 500-ге жуық жер телімі беріліп, жеке тұрғын үйлер бой көтерді. Мамандар жаңа нысан жергілікті жердегі электр қуатына деген сұранысты толығымен өтейтінін айтады.
Жақсылық Қанатбаев аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Жалпы сметалық құны 2 млрд 169 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда жері тегістеліп, 10 мың киловатты құрайтын 2 трансформатор орнатылды. Бетондау жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек ұзындығы 14 шақырымды құрайтын электр желілері тартылған. Биік бағаналар ресейден жеткізілсе, трансформаторлар отандық өнім. Қазір мұнда 3 бригада тынымсыз еңбек етіп жатыр.
Жандос Жұмабек тілші:
- Нысан биыл жылдың соңында тапсырылады. Сол кезде аудандағы Қазығұрт, Самал, Алатау және Шаңырақ мөлтек аудандарындағы 63 көп қабатты, 3 мыңнан аса жеке тұрғын үйлер, 95 әлеуметтік кәсіпкерлік нысан және 10 мыңға жуық халық сапалы электр энергиясымен қамтылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ биыл Киелітас ауылдық округінде қуаты 1000 мегаватт болатын электр станциясының құрылысы басталады. Мамандардың айтуынша, жобаның ерекшелігі бу-газ қондырғысы арқылы энергия өндіріледі. Орта Азияда теңдесі жоқ инвестициялық жобаның құны 600 млрд теңге. Нысан 2026 жылы тапсырылғанда Түркістан облысы ғана емес, көрші Өзбекстанды да энерготәуелділіктен құтқаруға қауқарлы болмақ.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш